Өлеңдер ✍️
ТҮС
Көгіңдегі жұлдыз еді бір сұлу,
Сыр ғып маған соны айтушы ең қымсынып.
Жыр ғып айтып келе жатсаң, көшеде
Көріп соны... қалушы едің тұншығып.
Қыз да сені жүрген сынды түсінбей,
От сезімің жатты өртеніп ішіңде.
Қандай ғажап мынау мылқау махаббат!
«Үйленіппін, – дейсің – соған түсімде...»
...Менің түсім – кереғарлау – шатағы:
Сол бір сұлу шат – күлкісі, шат әні –
Жат төсекте жат жастықты... жастанып,
Жат біреумен құшақтасып жатады!
Елең қылмай ұйқыны да, түсті де,
Кенет сонда маған бітіп күш, міне:
«Бассыздықты тоқтатыңдар, кәне!» – деп
Екеуінің кіріп барам үстіне!...
Шынжырлаулы иттері үріп абалап:
«Миы ауысқан жынды ма?!» – деп табалап
Сонда екеуі атып тұрып төсектен
Айдап шықты сыпырғышпен... сабалап!
Сол түсіме сені қайтып сендірем?
Бекежанды саған қайтып жеңдірем?
...Бұдан бұлай ғашық болған жандардың
Арасына түспеспін-ау енді мен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter