Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  143


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Қас қағымда дүние бүлінді ме...

Қас қағымда дүние бүлінді ме,
Кеттің хабар-ошарсыз түңілдіре.
Жат еркекке жүрегің жүгінді ме?
Шайтанкөлде кездесіп қалып едік,
Бүкіл жерде жоқсың сен бүгін, міне.
Күнімді де тәрк етіп – батпайтұғын,
Таңымды да тәрк етіп – атпайтұғын,
Іздеп келем.
Белгілі – таппайтыным.
Құпиям боп қалдың ғой, ғұмыр бойы
Жүрегімнің түбіне сақтайтұғын.
Шайтанкөлге сені іздеп талай бардым.
Жоқтығыңды білгенде – қалай бардым?
Сан барармын.
Әлі сан қарайлармын,
Ішқұса боп таба алмай тарта берем,
Келіп кеткен жолымен талайлардың.
Мен секілді мазасыз шерлі екен көк,
Барған сайын... нөсерін селдетер кеп.
Табысатын кезім де келді екен деп,
Арулардың жалт еткен жанарына
Жалтақ-жалтақ қарармын сен бе екен деп.
Дөңбекшітіп сені де төсегіңде,
Шырылдаса сағыныш – сезім – бала,
Сабыр беріп жүр ме екен төзім – нала?
Қалай десең – олай де, осы өмірде
Сүйген, сүйе білетін – өзім ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу