Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  128


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Есіңде ме Шайтанкөлдің түндері...

Есіңде ме Шайтанкөлдің түндері,
Қиял бізді сонда алысқа сүйреді.
Өмір деген тәтті болып кеткен-ді,
Сонда сенің ерініңнен сүйгелі.
Көз алдымда – сауал толы көздерің,
Жанарыңды жаһан қылып кезгенім.
Өмір заңы өз әмірін жүргізді
Сен сезбедің... мен де түкті сезбедім...
Тарпаң тағдыр жаншып басып еңсені,
Жолға шықтық...
Жоқ! Жоғалттым мен сені!
Мәрт ғашықтар бір-біріне өмірде
Мәңгі бақи кездеспейді деуші еді...
...Құстай ұшып Шайтанкөлге жеттім де
Елесіңе тұрдым тағзым еттім де.
Сен де сеніп сол әзәзіл сөздерге
Кездескеннің қолын ұстап кеттің бе?
Сенбеші оған, сұра жұрттан сыналған,
Сұрашы анау шыңда тұрған шынардан:
Алдау үшін ғашықтарды аңғалақ
Пасықтар ғой соны ойлап шығарған!
Сенбеші оған... есіңді алған сұм ағын –
Қайда әкетіп бара жатыр?
Тұл – әнім...
О, сұмдық-ай!
Қасаң қағидалардан
Тарс жарылып кетер ме екен құлағым?!
Сенбеші оған... Елең қылма түгін де,
Өткенде емес бар үмітім – бүгінде.
Жалғыз өзім жастанып ап жартасты
Күтем сені Шайтанкөлдің түбінде.
Сенбеші оған... Жаңбыр менен жасында,
Тірі жан жоқ–табиғат бар қасымда –
Есіл шақты еркін еске түсіріп,
Күтем сені Шайтанкөлдің басында.
Келші, жаным... Суытпашы бекер бой,
Шайтанкөлің – қасиетті мекен ғой.
...Мәрт ғашықтар бір-біріне өмірде
Мәңгі бақи жолықпайды екен ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу