Өлеңдер ✍️
АНАМА ХАТ
Аман ба, Тәте, армысыз?
Аспанда жүзген Ай-көңіл...
Үстінде Жердің бармысыз?
Армысыз, анам, әйтеуір.
Кейінгі кезде күстәна
Боп кеттім неге мұнша мен?
Төбеңнен өткен құстан да
Жүрсің бе жолдап бір сәлем?
Уақыт-ай, зулап ұшқан кеп,
Ұрлайды-ай күнде жамалын.
Сіз жақтан-дағы құстар кеп
Көктемнің берді хабарын.
Ақсораң жаққа ұшқанда,
Отыра қалып жүремнен,
Төбемнен өткен құстан да
Сан сәлем жолдап жібергем.
Сол құстар, Тәте, барды ма
Көктемді алып жетекке?
Қаңқылдап, шулап қонды ма
Ақжарық деген бекетке?
Кеттім-ау, Тәте, алыстап,
Жүдеме, ойлап, күрсінбе.
Өкпеңнің дерті тағы ұстап,
Талықсып қалып жүрсің бе?
Күркілдеп жатқан кеудеңде
Қандай дерт екен, анам-ай?
Ажалдың құсы келгенде
Әкем де кеткен қарамай...
Күдіктің зілдей тауын да
Көтеріп келем бекем бір.
Бәрін де тастап, ауылға
Аттанып кетсем бе екен бұл?
Білгендей соны: «Қолыңнан
бал ашамын» – деп, шаршамай,
Тұрады күтіп жолымнан
Цыганның қызы қаршадай.
Тыңдадым ұйып болжамын:
– Әулием, айтып бергін, – деп.
Сөзіне ылғи сол жанның
Тұрады, Тәте, сенгім кеп!
Аман-сау екен ел-аймақ.
Әулиең айтып тұр, міне:
Болжады цыган мені ойлап
Көз ілмей жүргеніңді де.
Деді ол: «Жағдай қиын, көр:
Дімкәстау екен шешеңіз.
Тағы да біраз... тиын бер
Оның да мәнін шешеміз!»
Жанымның бұлтты аспаны
Нөсерлер пері кезі кеп:
«Алыңыз мынау ақшаны!
Айтыңыз – деймін. – Тезірек!»
Картасын жайып жаңадан
Шомды ойға цыган не түрлі.
Үстінде жердің әлі аман
Жүрген бір тәңірі секілді!
«Сеніңіз мендей пендеге,
Жүрегі адал десеңіз:
Міндадар болмай емге де
Сауығады екен шешеңіз!»
Сөйлейді цыган шабытты,
Қалтасы бүгін олжалы.
Болашағында бақытты
Болатыныңды болжады!
Тыңдадым ұйып болжамын
– Ерікті саған бердім, – деп.
Сөзіне ылғи сол жанның
Тұрады, Тәте, сенгім кеп...
Уақыттың шеру, дүрмегі
Барады алып шығанға.
Көрінбей... соңғы күндері
Із-түзсіз кетті цыган да.
Іздеймін соны көшеде,
Көзіммен тінтіп...
Не екен бұл?
Адамды сендірмесе де,
Алданыш керек екен бір!
Қонақжай әдет-ғұрпы мол
Жанына тұрған жарасып –
Ауылда жүр ме, мүмкін ол
Енді еркін маған бал ашып?
Иесі – жел ме, дауыл ма,
Дегбірсіздердің бірі екен.
Қалайша біздің ауылға
Қаңғырып бармай жүр екен?!
Сан жерде ұлың сыналған
Тап болып тағдыр кермесі.
Мен жайлы ешбір цыганнан
Ештеңе ести көрмеші.
Қыран боп шыңды шолам мен,
Кеудеме шабыт қонған соң.
Адамның ұлы болам мен –
Анамның ұлы болған соң.
«Шуаққа менің мол жаным...» –
Десе егер біреу, мен гүлдеп:
Сөзіне ылғи сол жанның
Тұрады, Тәте, сенгім кеп.
Біреулер бөгеп жолымды
Жүрсе егер: «Құдай атты!» – деп.
«Алыңыз, – деймін – қолымды!
Айтыңыз, – деймін – ақ тілек!»
Кім білсін, осы сөзімді
Ұқты ма ол, жанға жақты ма?
Арбап кеп менің көзімді
Алдап кеп... оғын атты ма?!
Кім білсін, осы бәрінен
Қиындау... Қайтіп жан бағам:
Алданып келем әлі мен,
Әлі де қанша алданам?!.
Таныс көп, Тәте, менде де
Дейтұғын: «Кетпес есеңіз,
Сеніңіз мендей пендеге,
Жүрегі адал десеңіз!»
Сенемін. Ұқпас мені кім?
Үмітке жаным кенелді:
Адамға деген сенімім
Алдамас мүмкін мені енді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter