Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  238


Жібек

БАЛА ОРАЗ МЕН ЖІБЕК ҚЫЗДЫҢ АЙТЫСЫ

Бала Ораз:
Молдалар намаз оқиды бесін көріп,
Апайдың өкпелейін несін көріп.
Жүрегім кеткен ұшып қайта түсті,
Апайдың қатарланған көшін көріп.
Ертеңгі ауға түскен ақ шортандай,
Апайды жатар ма еді шешіндіріп.
Өлеңші өлең айтады анасындай,
Басымнан көп асырдым борасынды-ай
Басыңа қызыл шархат қисайтасың,
Түйенің жел жапырған қорасындай.
Қыздарды білегінен көп сүйредік,
Орыстың жеккен атқа шанасындай.
Хат жазып сәлем айттық Байұлына,
Байұлы қайта қонсын, Ойылына.
Сен де бір делінсіген бала екенбіз,
Дамылдап жатар ма еді қойыныңа.
Мал салып ел қондырдың дағылына,
Жаз болса, қой қайтады шағылына.
Көп айдың көрмегелі болды көп күн,
Келеміз Байұлының сағынып-ай.
Қыздары Байұлының қандай әсем,
Шығады мақпал тонын жамылып-ай,
Мақпалдай екі бетің үлбірейді,
Бұхардың жидесінің қабығындай.
Шашың бар үш түрлі өрген қолаң қара,
Үйректің жаңа жұлған мамығындай.
Етіңіз етімізге майда тисін,
Орынбор қымбат бұлы ақ ұнындай,
Даңқымыз алты алашқа шыққан, апа,
Әлемнің жазғытұрғы сағымындай.
Жолаушы атым арық, келем жүдеп,
Әпеке-ау, дамылдатшы бауырыңа-ай.
Пәленше пәлен деген дабылыңмен,
Әпеке, жаңа таптым ауылыңды-ай.
Жібек қыздың жауабы:
Барсаң, бала, сәлем айт,
Адай деген жұртыңа.
Екінші сәлем айт,
Қаратаз сынды ұлтыңа.
Ақылды болсаң, жас Бала,
Артымда анам қалды деп.
Бір айналғайсың сыртыңа,
Барсаң, Бала, сәлем айт,
Адай деген еліңе.
Екінші сәлем айт,
Қаратаздың ішінде.
Төремұрат Нарынбай,
Өтен сынды еріңе.
Ер деп оны кім айтар,
Біз жүргенде,
Бір аттанып келмеді,
Әскері мен тануғай.
Ынта болып жүр едім,
Маңқыстауға баруға-ай,
Ынтық болып жүр едім.
Адай тазды көруге-ай,
Тазға хабар беруге-ай,
Көшпелі Адай, жас шіркін,
Жарамады олар да,
Біз секілді аруды,
Малын беріп алуға-ай,
Жаратып па едің құдай-ай,
Орынбордың аузында,
Томаға ... қалуға-ай,
Желігіп тұрсың, білемін,
Осы жерде айқай салуға-ай,
Ісініп тұрсың, білемін,
Жағамнан менің алуға-ай,
Ана көрінген ауыл біздікі,
Ертең сонда бір той бар,
Жараймысың, жас Бала,
Менімен бірге баруға-ай,
Алдыңда анаң тұрғанда,
Адырағалғыр шіркін,
Той бастап, шапан алуға-ай,
Мен халқымнан озған бедеумін,
Меніменен айтыспа,
Меніменен айтыссаң,
Төнерсіз бала қалуға-ай.
Өз еліңде жүргенде,
Туғалы көзің тойды ма,
Біз секілді аруға-ай.
Бала Ораз:
Сәлеміңді, апа, айтайын,
Адай деген еліме-ай.
Қаратаздың ішінде.
Өтен сынды елім-ай.
Апа, саған күш болар
Ініңді басып жеңуге-ай.
Бақайда-бақай дегенде,
Бақай ма? Кітапта бақан,
Қазаққа қалқа салғамын.
Қаратаз деп шапқанда,
Дұшпаннан теңдік алғамын.
Ер Бекеттен шапқанда,
Бәйгеден зулап келгенмін.
«Бәйтеректен» шапқанда,
Белгілі болып желгенмін.
Шағырай деп шапқанда,
Жеті атаны жетіру?
Жетеуін де басып жеңгенмін.
Құдай да болса хат көрмес,
Қаратаздың баласын,
Жеті рудың қартайған,
Кәрі қызы басып жеңдім дегенін.
Бедеумін дедің, әпеке,
Баяу болсаң байталсың,
Кешегі жер шабысың,
Көрімімен асқан соң,
Құлын салған биедей,
Төмендеп, апа, қайтарсың.
Жібек қыз:
Былай тұршы Жетіру,
Мына Байұлы бала келеді.
Байұлын көрген соң,
Бұлбұлың шауып жөнелді.
Танисың ба, жас бала,
Кешегі қырман басында,
Қызыл тонға оранған апаң мен едім,
Сонда құла байтал астында,
Қу шекпенің үстіңде.
Қаңғырған Байұлы бала сен бе едің?
Адырақалғыр шіркін,
Жалғыз-ақ менің сен бе екен,
Күн қақты тазды көргенім.
Он бесіме келгенде.
Құрбының қатарына енгенмін.
Он алты жасқа келгенде,
Қатар өскен құрбының
Мерекесін көргенмін.
Қара кемпір бәленей,
Бәленейдей жыршыны
Былтыр қыста жеңгенмін.
Тәпсіғұлдай мылжыңды.
Көш-жөнекей көргенмін,
Қаратаздың ішінде
Жиенқұл Шайық бар деп еді,
Шыныңды айтшы, жас бала,
Жиенқұл шайыр сен бе едің?
Бала Ораз:
Өтірік айтпа, әпеке,
Бәленшиді жеңдім деп,
Тәпсіғұлды көрдім деп.
Таз шешенін көргенде,
Бір соғарсың саныңды,
Сөз таба алмай, апа, өлдім деп.
Қаратаздың ішінде
Есебақ деген қартым бар,
Таласса қазақ жеңбеген,
Келдібайдың ішінде,
Құлмамбеттей көкем бар.
О да Орынбордың аузында,
Жеті күндей айтысып,
Біреуі басып жеңбеген.
Ысықта Абат деген қартым бар,
Қасында ғалым молла келмеген.
Адайда Абыл деген жыршым бар,
Шамасыз бұған дана еді,
Шариғатпен сөйлеген.
Жиенқұл мен Верістам,
Байда олақтың баласы.
Мен Жиреншеден кем едім.
Менің атым бала Ораз,
Бәрінен де төменмін.
Жиенқұлдай шешенім,
Қоян жылы осы жақта,
Бір қартайған, кәрі қыз көрдім деп еді,
Сол ұлғайған анам сен бе едің,
Әуелгі сөзім ағындай,
Көтерсе құдай бағымдай.
Меніменен айтыссаң,
Сындырармын сағыңды-ай.
Жиырма бестен асқанша,
Отызға аяқ басқанша,
Осындай шалпы тіліңнен,
Байлаған құдай бағыңды-ай.
Жібек қыз:
Адырақалғыр шіркін,
Адайдың несін мақтайсың,
Құбашыңға қойын қамаған,
Көп шоқайын жамаған.
Қатыны менен баласын,
Ерте тұр деп сабаған.
Мақтайын деп келесің,
Адай деген еліңді.
Соқыр төре Нарынды.
Ышын жын қаққан
Өтен деген еріңді,
Меніменен қағыссаң,
Сындырармын беліңді.
Өшірермін үніңді.
Басармын, бала, деміңді,
Суырамын күліңді,
Суалтармын күліңді,
Суалтармын айдын көліңді.
Мақтайын деп келесің.
Аса көшкен еліңді.
Жайлап жатқан жеріңді.
Көшпелі Адай тағыңды,
Аса жерге әкеліп,
Айтасың бұлдап есіңді.
Мен Елегімді мақтасам,
Ағашым айбар көрінген,
Жіңішкемді мақтасам,
Тарысы жерге төгілген.
Рабайды мақтасам
Жарлым егін салар деп,
Жалғызым пішен шаба қалар деп,
Сендей қаңғырып келген Байұлы,
Тары қалқан алар деп,
Елек пенен Қобдадан,
Әбішімді мақтасам,
Екі иініне кіраншін
Орынбордан барып шен алған.
Жігітім жайын сұрасаң,
Үйге қонақ келер деп,
Үйге келген қонаққа,
Қайнатып қатын берер деп.
Орынборды менсінбей,
Қызыл қағаз ақ қант,
Қостанып барып шай алған.
Біздің елдің адамы.
Шайдан басқа ішпеген,
Үйіне төреден өзге түспеген.
Үйіне қонған қонаққа,
Ащы қымыз, қызыл шай,
Содан басқа бермеген.
Әбішімді мақтасам,
Есігін сықырлаудың есікпен бекітіп,
Кереуеттің үстінде жатып көлбеген.
Құла байтал астында,
Қу шекпенің үстінде,
Не көрдім деп сорлы кетесің,
Мына бір өткен дүниеден?
Бала Ораз:
Жетірудің, кәрі қыз,
Ерлік жаққа келгенде
Маған тізгін берерсің,
Батырлыққа келгенде.
Нағылып мені жеңерсің.
Арқада Әлім деген елім бар,
Правитель төреңді,
Қу шөңгедей көрмеген.
Адай деген елім бар.
Ол Адайдың ішінде,
Арғы жағы Амантай.
Бергі жағы Үргешбай.
Сүйінқара деген ерім бар.
Өл өлгенше патшаға,
Бес сом 25 т санап бермеген.
Қаратаздың ішінде,
Қабан деген ерім бар,
Ол хандардың қорлығына көнбеген.
Есентемір деген елім бар,
Есентемір ішінде,
Сұлтанкелді, Көктаубай,
Жазығы Есентемір демесең,
Сырымменен қосылып,
Орынбордың аузында,
Көкпанға тыным бермеген.
Черкентте бар шағырай,
Қадырқұлдай Бөрібай.
Жаңабай көлдің басында,
Жеті румен ұрсысып,
Отыз жігіт өлтіріп.
О да бұған көпті деп,
Бір құнан өгіз құн берген.
Беріш деген елім бар,
Бұл Беріштің ішінде,
Исатай мен Махамбет,
Даражалы ер еді.
Ол Жәңгірдің қорлығына көнбеген.
Жасы да жеткен, кәрі қыз,
Жалған да сөзді сөйлеме.
Жібек қыз:
Адырақалғыр шіркін,
Адайдың несін мақтайсың?
Құбашыңды жатып шөлдеген.
Тәңір бақыт бермеген,
Ысықтың несін мақтайсың?
Байұлының қатарда сәнін көрмеген.
Шеркештің несін несін мақтайсың,
Үйіне келген қонаққа
Бір аяқ сусын бермеген.
Есентемірдің несін мақтайсың,
Қарабау мен Сары көл,
Су ішінде мамыр құс,
Мамыр құсқа тыным бермеген.
Беріштің несін мақтайсың?
Үдере көшіп көрмеген.
Мен Адайдың жайын білемін,
Бүгін-ертең көшеді,
Көшеді де қонады.
Қызы менен қатыны
Бір шұңқырға барады,
Шұқырдан құдық қазады.
Алдыңғы келген жылқысы
Шала-шұрпы қанады.
Соңғы келген малына,
Бұған жетпей қалады,
Ақылы жоқ Адай таз,
Төбелесті салады.
Қатынының бас жарылса,
Қызының бұрымы жұлынса
ақсақалға барады.
Ақсақал төре салады.
Айыбына бес қойдың
Жабығасын алады.
Ертең жаңа көшеді,
Маңғыстау деген қонысқа,
Бір ай көшіп барады.
Бір-екі айдай отырып,
Қайта келе салады.
Қауғалары қалдырлап,
Жаман тоны қаудырап,
Әр бұлаққа барады.
Ерте қатыны тұрады,
Алмадай мойнын бұрады.
Түсейін десе, суы жоқ,
Құсырымен қазанға қолын ұрады.
Түнде тұрған еріне,
Бір аяқ асты береді,
Оны ішіп алған соң,
Түндегі қойдың соңынан
Шепіктері шырпылдап,
Ұршықтары бұлтылдап,
Өкпелері зырқылдап,
Жүгіріп кетіп барады.
Шуаштының көліне,
Мың сан Адай шомылып,
Ақылы жоқ Адай таз,
Суды ыластап барады.
Жігітінің киімін сұрасаң,
Сары ыластап барады.
Жігітінің киімін сұрасаң,
Сары тоннан басқа кимеген,
Қызының киімін сұрасаң,
Іші төстек, қойдың жабағасы.
Сырты алаша,
Етіне содан басқа нәрсе тимеген.
Қыдырған түнде жігіті
Қысқа қоныс жалбыр шаш.
Тоқалдан басқа сүймеген.
Елірме, тазым, елірме,
Нең бар еді сенің көрмеген?..
Бала Ораз
Қыздың елінің Әбіш деген бір әкімі Бала Оразға «енді сен айтатын сөз жоқ», – дегенде, оған Бала Ораздың
айтқаны:
Былай тұршы, Жетіру,
Әбекемді көрейін.
Көріп сәлем берейін,
Асықпашы, кәрі қыз,
Сөзіңе жауап берейін.
Қорыққанымнан бұл жерде
Сөйлей алмай отырмын
Неғылып қарап өлейін.
Әбекем артық ер еді,
Көзімнің жасын көреді,
Көрген емес немене,
Тілегімді береді.
Бұрынғының айқтаны,
Рас болса, Әбекеу-ау,
Жақсының тиер пайдасы,
Әркімге бірдей деп еді.
Жарлықтың күні құрысын,
Қасына адам келмеген.
Жалғыздықтың күні құрысын,
Жоғалса адам білмеген.
Он екі ата Байұлы,
Мұнан да кісім болмады,
Шылбырымнан алуы-ай,
Егізім Адай қайда екен,
Егіліп ұран салуға-ай,
Бәйтерегім қайда екен,
Бәйгілі топта жаруға-ай.
Шағырайым қайда екен,
Осындай арлы жерлерде,
Шалқып та келіп шабуға-ай.
Жаратып па едің, құдай-ай,
Орынбордың аузында
Кәрі қыздан жеңіліп,
Масқара болып қалуға-ай,
Ассалаумағалайкум,
Әбітім, әкім сен бе едің?
Құзырыңа тап болып,
Сөйлеген інің мен едім.
Кешегі қасымдағы жолдасым,
Осы ауылға бармалық,
Көрерміз қорлық дегенде,
Әбекем тірі бар болса,
Басы жұмыр пендеден,
Көрмеспін қорлық деп едім,
Бұтаңа қонған бозторғай
Осы күнде мен болдым.
Басыма сарсаң тигізбес,
Бәйтерегім сен болдың.
Сен қағарланып келгенде,
Едігенің бес ұлы,
Бесеуіне өзің тең болдың,
Сен емес пе едің, Әбеке,
Үйге қонған қонақтың
Қонарына жай берген,
Ақ қант, қызыл шай берген.
Мінсін деп жорға тай берген,


Ақыретте бір Алла,
Атымтайдай жомартқа
Жұмақ пенен тамұқтың
Арасынан жай берген.
Орынбордың аузында
Кәрі қыздан жеңіліп,
Өшіремісің үнімді,
Сындырамысың белімді,
Суырамысың күнімді
Суалтамысың айдын көлімді,
Ер қадірін ер білер деп еді,
Айналайын, Әбеке,
Бір сөйлейін, өлтірші
Қасыңа алып ініңді...
Әбекем рұқсат берген соң,
Мына тазың есірді,
Еркімен шауып көсілді.
Қораңа бес қой жатпаған,
Ернің аққа батпаған
Жетіруда қыз бар ма?
Саудагерге арын сатпаған.
Қызыққаның, әпеке, саудагердің
Қызыл тон мен бөркі ме?
Не беріп едің, әпеке саудагердің
Шай менен секер шытына
Берерін беріп қойған соң,
Қоя ма, апа, еркіңе?
Елімде мырзам көп еді
Көп байлықтың белгісі
Бір мырзаның белінде
Жүз биенің бұлы жүр еді.
Түйе малын мал демей,
Еріккенде ерлерім ал қидың
Құба жөнімен құлай-құлай желеді.
Сендердей кәртаң қыздарды
Қойдан жаман қосақтап
Олжалап алып келеді.
Сен аяңдадың, желмедің,
Қасыма таман келмедің.
Білгіш болып, кәрі қыз
Сөзіме жауап бермедің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу