Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  154


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

БІР ЖІГІТКЕ

Ауыл-аймақтан сыртқа шықпаған үйкүшік жігіт кез келген қызға тиісе береді екен. Бір күні қызойнақ кешінде әлгі жігіт төңірегіне былапыт сөздерін айтып, жиналған жастардың мазасын алады. Сонда Ұлбике мына өлеңін айтыпты:
Әкең байғұс кезіп жүр келін іздеп,
Қыз-қырқынға көз салып жүр елеңдеп.
Күнде шығып төбеге жол қарайды,
Бір сорлыны өңгеріп келе ме деп.
Сенің әкең бір елдің ескісі еді,
Қараңғы елдің ішінде естісі еді.
Есер сөзді айтқаның не болғаның,
Шайпау сөзден шайқалып іш түседі.
Бала екенсің әдепсіз салдыр-салақ,
Екі бұты тылтиған жалбыр балақ.
Аяғыңды көсілмей тартып отыр,
Құрқылтайдың ұясы өзіне шақ.
Теке сақал, мысық мұрт, келте екенсің,
Шолақ иық, қауқарсыз пенде екенсің.
Сөз сөйлесе өз елін жамандаған,
Ақ та емес, қара да емес – бөрте екенсің.
Түлкі қандай, ендеше, лақ қандай,
Лақ ойнап, жар тасты құлатқандай.
Бар он екі мүшенің бәрі қыңыр,
Көре алмадым ештеңе ұнатқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу