Өлеңдер ✍️
ӘКЕГЕ СӘЛЕМДЕМЕ
Ұлбике Қарақойлы жұртының Бойтан дейтін жігіті не үш қыздың қалың малына ұзатылады. Қыз кезі өлең жырлы ойын-сауықпен, той-тамашамен өткен Ұлбикенің жаңа отбасында жағдайы болмайды. Қайын атасы мен енесінің қыспағына дұшар болады. Күйеуі оны жиі-жиі ұрып-соға береді. Бір күні жас келін ауыл сыртынан бір арқа жусан арқалап келе жатып, қара жол үстінде төркін жағына бара жатқан жақынына кездесіп қалады. Арқасындағы отынын түсіріп, оған сүйене отырып, әлгі жолаушыға сәлемдеме өлеңін жылап отырып айтады.
Жол тартып шыға кетсең осы жерден,
Аулыма қайрыла кет өзің көрген.
Тарылып көк өзегім келе жатыр,
Үзілер жібек жіп те осал жерден.
Ғұмырым ойлай берсем, болды қауіп,
Отырмын, жүре алмаймын басым ауып.
Айта бар бұдан барсаң көкешіме,
Өзімен ала келсін тәуіп тауып.
Масайрап Бойтан тентек қызып алды,
Бар нәрін тал бойымның сүзіп алды.
Айта бар бұдан барсаң Ошақтыға,
Жанымның әр моншағын үзіп алды.
Не деген қайын ата қас кісі еді,
Аузынан айқайласа тас түседі.
Ел-жұрттан осындағы жөн сұрасам,
Бір түнде ебін тауып қаш деседі.
Жұбайын ожар жігіт сорлатады,
Дат сөзбен ел-жұртына қорлатады.
Әке мен ағайынға тілі тисе,
Жанына жас келіннің сол батады.
Тары ексең көл табанға тары шығар,
Күшімен құдіреттің бәрі шығар.
Қорлығын өз жарының көп көргеннің
Көзінен жылай берсе зәрі шығар.
Сөзімді әкеме айтқан ел тыңдасын,
Ел-жұрттан жылу сұрап мал жинасын.
Қалыңын маған берген айдап келіп,
Басымды тірі жүрген қайтып алсын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter