Өлеңдер ✍️
РУХ
Жан тұншығып, тән есірді, ал бүгін,
Айтыңызшы, «ақжүрек» кім, арлы кім?
Пайғамбардың рухына боялған,
Сенесіз бе, ХӘЛДЕ жатыр бар ғылым.
Әттең, шіркін, ғапылдығым кемістік,
Кемістікті нұрмен жусақ тек ыстық...
Көкіректен көз ашылып сол мезет,
Жан тіліне көшер еді кеңістік.
Жаратқанның жамалынан нұр түссе,
Өтер едік бір пішіннен бір түске.
Періштеден адам асқақ әуелден,
Адам биік рухымен тілдессе.
Адам асқақ, оған жала жаппаңыз,
Ессіздік деп, бәлкім, мұны даттарсыз.
Жанның сыры жасырылған жүрекке
Жарқырайды ол, егер кілтін тапсаңыз.
Сол кезде адам рухы мен ұжданы,
Жаратқанға жақындатар тұлғаңды...
МІНЕ, БІЗДІҢ ЖЕТЕ АЛМАҒАН ӨРЕМІЗ,
МІНЕ, БІЗДІҢ БАБАТАНЫМ ЖҰМБАҒЫ.
Жын жұлмалап, сайтан сарып есімді,
Адамдықтан адастырды-ау көшімді.
Бір ашылмай бізден де өтіп барады,
Төбедегі ТӨРТ ТАНЫМНЫҢ есігі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter