Өлеңдер ✍️
АМАНАТ
Балға – басқа,
Орақ ойға тигелі
Бір алапат өртке оранды жан іші.
Кемерінен дариядай толқыған –
Қызыл жалау,
жалау емес, қан исі.
Қызыл түстен жамырайды елес боп,
Құба мекен,
құсни дос тел өскен.
Сол «бейнелер» құтқар дейді қол бұлғап,
Әттең, шіркін...
Естімейді оны ешкім.
Естіртпейді
ауызынан от бүркіп,
Тесік өкпе,
кәрі Кремль жөтеліп.
Содан кейін...
Темір торда сөз өліп,
Көздер қалды шел ішінде бітеліп.
Жусан көрсең,
жұпарын жұт, дұға оқып,
Бағзы бір иіс бұрқырасын өткеннен,
Әр тал жусан тағдыры ғой қазақтың,
Көлдей тұнық
көз жасына көктеген.
Көктамырдан суалғанша соңғы қан,
Мен қазақтың Азаттығын сусадым.
Доңыз демі топырағыма тимесе,
Дұшпан көрмей өссе дедім ұрпағым.
Осы серттің түбінде тұр шын байлам,
Сол үшін де
жолға түстім көк тайғақ.
Азат таңның шапағына боялған,
Армандадым...
Аспан түсті көк байрақ.
Қияметке жетер біздің еркіндік,
Оған куә қызыл қаным төгілген.
Бұл қазаққа енді ешқандай өлім жоқ,
Серт етемін
Махшар таңның мөрімен.
Езден алас,
Асқақ болсын ғұмырың,
Ел деп өткен ердің сойы бөлек қой.
Құдайға да қарайтындай қасқайып,
Бір өлімің
сұлу болу керек қой.
(Құбылаға қаратпаңдар жүзімді),
Айтарым сол,
Бір жүк түссін арқаңнан.
Азат елдің көк аспанын күзетіп,
Мен жатайын...
Жатқызыңдар шалқамнан.
* * *
Құдай өлді...
Ф. Ницше
I
Ақыл-есің азабынан танардай
Бір кермек бар...
Ішке түскен,
ой, Алла-ай,
Жан шыжғырған сол кермектің өртінен
Төбе шашым лап етіп жанардай.
Солқылдатып сол кермектің аптабы,
Неге мені қиянатына қақтады?
Мен Құдайға ұмсынып ем көрмекке
Көрсетпеді...
күлдібадам санамның
айғыз-айғыз сатпағы.
II
Құдай өлген,
Сайтан жеңген,
Ғұмыр емей немене –
Ар мен ұждан жұқанасы
табылмаса денеңде.
Жаратқанның жамалы – ұждан,
Ол тұрмаса, Құдай жоқ.
Сол жұпарды ішке бүріккен
Жүрек – мөлдір терезе.
Бақи – тамыр,
Пәни – тағдыр,
Ғұмыр – аққан бір өзен.
Сол өзеннен ішсем-дағы,
Бір қанбады кенезем.
Жұмақ,
Тозақ
Ішімде екен,
Ісімде екен ол менің,
Көре алмадым кір шалған соң,
Кеудемдегі терезем.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter