Өлеңдер ✍️
ҚАЗТУҒАН
1
Әрайна, билер әрайна,
Әрайна десем болғай ма?!
Әрайнасыз һәр қайда,
Ердің ісі оңғай ма?!
Әрайна болған Қазтуған,
Қайғыланып сонда толғай ма?!
2
Ел қияға қонғай ма?
Еділ, Жайық арасы
Кеңшілік қоныс болғай ма?!
Ебей басты құба үлек
Ернімен шырпы шалғай ма?!
Бұл қоныста отырып,
Біздің мұсылманның баласы
Жағасы босап тынғай ма?!
Еділді қоныс етпеңіз,
Жағалай қалмақ алады.
Жайықты қоныс етпеңіз,
Сыдыра біткен көкжиек,
Кәпірлер қала салады.
Астраханды қоныс етпеңіз,
Шаһарын оның алады.
3
Еділді алса – елді алар,
Енді алмаған не қалар?
Жайықты алса – жанды алар,
Жанды алған соң не қалар?!
Ойылды алса – ойды алар,
Ойлашы, сонда не қалар?!
Қарамауыты мұшақат –
Бүтін тоғай жерді алар.
Жаз кіреге жақсы деп,
Дулығалы нарды алар,
Қыс кіреге жақсы деп,
Шудасы қалың айырды алар.
Сусынына шай алар,
Шайнауына май алар.
Шайын ішер құрт алар,
Оныменен қоймас-ты,
Құлағына сырға салдырған,
Сусынын сары қымызға қандырған,
Арусынған мырзаны
Өзімдікі болды деп,
Алуға тағы ойланар.
4
Әй, жақсылар, жақсылар,
Бұ қоныстан кетпесең,
Бұны талақ етпесең,
Қынама бешпент киерсің,
Арбаға мәстек жегерсің,
Жасауылды жасақ деп,
Одаманды одақ деп,
Қасына соның ерерсің!
Ақылы кетіп сасқан жұрт
Құлдан туған төрені
Ақсүйектің ұлы деп,
Оған да тізгін берерсің.
Кәпірден болар хәкімің
Ықтиярсыз көнерсің.
Үй басына мал санап,
Адамға ақша төлерсің.
Амалың бар ма, қайран жұрт,
Күндердің күні болғанда
Қайғыда жүріп өлерсің!
5
Мен неткенмін, неткенмін,
Құрайлы жүріп кеткенмін.
Тайсойған менен Дендерден,
Сағыз бенен Жемдерден,
Құралайдай шұбырып,
Гулеп те келіп өткенмін.
Ойылдың Тамды көліне
Бір түстеніп кеткенмін.
Маңғыстаудың ойына
Етек-жеңім жыртылып,
Ақ қырауда жеткенмін. 6
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай!
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті кәпірдің
Күшті болған салдары-ай!..
Кәпірден теңдік алуға
Қайта келер деймісің,
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан тауған хандары-ай!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді
Ноғайлы-қазақ жұртымның
Кейінгі туған балалары-ай! 7
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Аңырап қалды қонысым!
Қонысымнан ауған соң,
Кетпегей еді ырысым.
Таудағы тарлан бөрі едім,
Тарылған сынды тынысым.
Кейінгі өскен жас бала,
Ақ балтырын түрініп,
Басарына ерініп,
Көкірегі күйініп,
Тек тірлікке сүйініп,
Ықтиярсыз жүгіріп,
Аузы түкті кәпірдің
Етпегей еді жұмысын...
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Екеу-екеу сөйлесіп,
Біздің кейінгі өскен жас бала
Аузы түкті кәпірдің
Соқпаса игі еді пайдасын?!
8
Нарын-ай, сені қайтейін,
Жатып қалған боз тайлақ
Жардай атан болған жер!
Жабағылы боз тоқты
Мың қой болып өрген жер.
Атам қазақ әжеген
Анықталып туған жер.
Кіндігімді кескен жер,
Кірімді аппақ жуған жер.
9
Жайық, сені қайтейін,
Ағашың абат көрінген,
Жапырағы жерге төгілген.
Жапырағы жасыл ала қамқадай,
Бұтағы бұрама күміс алқадай,
Баттауығы білектей,
Ботташығы жүректей.
Балдырғаны соққыдай,
Боз сазаны тоқтыдай.
Балығының көптігі
Суына жылқы жаптырмас.
Бақасының көптігі
Адамға ұйқы таптырмас.
Шырмауығының көптігі
Шөккен түйе таптырмас.
Бұланы жырақ қараған,
Бұғысы қойдай тараған.
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Жеті жұртты жалмаған,
Жұрт қойдың ба алмаған?!
Мұсылманның баласын,
Сен кіріптар қыларсың, Жайық-ай,
Сенің суың тәтті – ау салмаған.
10
Белгілі биік көк сеңгір,
Басынан қарға ұшырмас.
Ең қарауыл қарар деп,
Алыстан қара шалар деп,
Балдағы алтын құрыш болат,
Ашылып шапса дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа менен қосым қалар деп.
Ақ дария толқын күшейтер,
Құйрығын күн шалмаған балығым,
Ортамнан ойран салар деп.
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп.
Байтақтың басы патшалар
Батуға жалғыз аса алмас,
Көкжалдар көзін салар деп.
Мен заманнан қорқып барамын,
Кейінгі өскен жас бала
Кіріптарда қалар деп.
Күндердің күні болғанда
Обалы маған болар деп!
11
Буыршынның жалғыз қырқар азуы,
Бөкеннің желіп өтер төрт саны.
Бұғының ауыр қара мүйізі,
Бидайықтың жалғыз соғары,
Қашағанның ұзын құрығы,
Ақ орданың тіреу сырығы,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе тілдің шешені,
Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген,
Күз жіберіп, жаз мінген,
Жазаласа екі жылда бір мінген.
Жолдасын жолай іздеген,
Өзіне тиген дұшпанын
Қарт бурадай тіздеген –
Мен қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып асып барамын,
Ноғайлы қазақ елімнен.
12
Ақ сұңқар едім, мен ұштым,
Қауырсыным түлеген,
Қалың да қалың көлімнен.
Дулығалы қара нар едім,
Қатарланып асып барамын,
Қарсыланып жатқан жерімнен.
Мен секілді ерлерді,
Жаратты ма екен құдайым,
Кейінгі туған бала үшін,
Қайғыға шіріп өлуге?!
13
Ай, ылайым, ылайым,
Сені мал ішпестей қылайын.
Қонысымнан аудым деп,
Несіне бекер жылайын?!
Кәпірден аулақ тұрайын,
Өзімнен сұрау сұрайын.
Сауабы тиер баланың
Маған сүйеу болсын, құдайым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter