Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  286


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

МҰРАТ ПЕН ІЗІМ

зім:
Мен қарамын, қарамын,
Сол қараның ішінде
Қарабура тамамын.
Сол таманың ішінде
Ізім атты баламын.
Томағамды алда да, топқа сал,
Самсаған қолдан озамын.
Бұрама темір, сом алтын,
Қалай салсаң, олай сал,
Майыстырсаң барамын.
Алдымнан келсең аламын,
Артымнан келсең шаламын.
Мен қара қасқа қабанмын,
Топтан торай шаламын.
Түсің тәуір жас жігіт,
Аты-жөнің айтып кет,
Солайша сұрап аламын.
Мұрат:
Сен қарасың, қарасың,
Қара болсаң далада,
Қарауытып тұрған моласың,
Тама болсаң келімсек,
Жетіруға қонақсың,
Сол таманың ішінде
Ізім бір атты баласың,
Бұрама темір, сом алтын,
Қалай салсаң, солай сал,
Майыстырса барасың.
Темір болсаң жаның жоқ,
Балға, төске түсерсің,
Алдымнан келсең аласың,
Артымнан келсең ат болдың,
Сен қара қасқа қабансың.
Қабан болсаң шошқасың,
Шошқа болсаң торайсың,
Өзің торай болған соң,
Менен несін сұрайсың?
Бура болсаң шөп жерсің,
Басқа малдан көп жерсің.
Бура болсаң иерсің,
Артыңнан кейін сиерсің.
Нәсілің айуан болған соң,
Дәл қаңтардың күнінде
Шәйіріңді шығарып,
Өз енеңе өзің мінерсің...
МҰРАТ ПЕН ОРАЗ
Ораз:
Мұратжан, бала сен бе едің,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Көрмегеннің белгісі –
Жасың үлкен аға деп,
Көрісіп сәлем бермедің.
Былтырғы жылдың күзінде,
Алдаберген мырза қасыңда
Рас па еді, Мұратжан,
Айтысам деп іздеп келгенің?
Көп ішінде тап беріп,
Не қылғаның, қарағым,
Ағаңды жеңіл көргенің?
Біздің мынау қара таздың ішінде
Төремұрат, Нарымбай,
Өтен деген ерлерім,
Ол ерлерімнің тұсында
Қазақты деңгел көрмедім.
Қолдан намыс бермедім,
Орыс деген жұртына,
Жемнің бойын алдырмай,
Жемге қала салдырмай,
Дін қылышын сермедім.
Қарабау мен Қаракөл,
Тайсойған – Бүйрек ішінде
Бұқпақтап көшкен берішке
Тола ма менің шеңгелім?
Мұрат:
Мұратжан бала мен едім,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Көрмегеннің белгісі –
Жасың үлкен аға деп,
Көрген соң сәлем бермедім.
Былтырғы жылдың күзінде
Алдаберген мырза қасымда
Рас еді, Ораз-ау,
Сізді бір іздеп келгенім.
Көп ішінде тап берсем,
Ағаға қорлық бергенім,
Ағаны жеңіл көргенім,
Жүйріктігіме сенгенім!
Шеркештегі Бәленей,
Ысықтағы Жылқышы,
Тап өзіңдей тақтақты
Талай да басып жеңгенім.
Хас ақылсыз болмасаң,
Ағасының артынан
Інісі өсіп ер жетсе,
Інісі кимес болар ма,
Ағаның қанды көйлегін?
Сіздің мынау қара таз ішінде
Төремұрат, Нарынбай,
Өтен деген ерлерің,
Соларыңның біреуін
Қолыңнан бар ма көмгенің?
Үш арыс Таздың баласы,
Соларыңның өлгенін,
Көзіңмен бар ма көргенің?
Төремұрат, Нарынбай –
Бақытсыз туған ерлерің.
Бақытсыз емей немене,
Ит қорлықпен өлгені?!
Ондай қашқын ұрыңды.
Мақтау да етіп келгенің –
Топ ішінде өлгенің.
Заманға қарай саз керек,
Бұ күндегі барыңыз
Дүйсәлі мен Қосымбай,
Соларды айтсаң келіс-ті.
Және айттың Берішті,
Беріштің ісі тегіс-ті.
Бұ Беріштің ерлері
Құлшар менен Кебіс-ті.
Ғұбырнатыр жандарал,
Әпитсер шенді орысқа
Қылышын шешпей көрісті,
Әнекей сондай ерлікті
Мақтау да етсең келісті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу