Поэмалар ✍️
Асы жайлауында
(Поэма)
I
Астанадан ағылдық Алматыға,
Алла жазса, Асыдан дəм татуға.
Туған жердің қастерлі топырағы,
Бұлақ суын ішсең сен бал татуда.
Рыскелді досымыз құрақ ұшқан,
Бұл сапар тумап еді сұраныстан.
– Асыда туылыпсың, ақын досым,
Көрмегенің қалай?! – деп таң қалысқан.
– Мен сені туған жерге апарайын,
Көрсетейін Асының дала, сайын.
Тəу еткін кіндік қаның тамған жерге,
Тағзым ет!
Топыраққа аунатайын.
Өскенмен Қулық таудың етегінде,
Туыпсың Асының бөктерінде.
Қырық жыл болыпты көрмегелі,
«Мұның қалай?» десем сен сөкпе мені?!
Жинал дос, Асыға жол шегейік,
Жұмысты бірер күн қой шегеріп.
Бір күнің туған жерде – бір жыл азық,
Асыдай асқар белге жол жүрелік! –
Деген сөзін досымның қабыл алдық,
Асыға бармаққа дайындалдық.
Ілесбек, Марат пен Болат, Əділ,
Рыскелді əзірленді барын салып.
Астанадан аттанып Алматыға,
Асықтық Асыдан дəм татуға.
Бетке алып Бартоғайды жүріп кеттік,
Туған жердің ауасы бал татуда.
II
Шелектің дəл үстінен өте бердік,
Тоқтамастан өзенге кете бердік.
Шелектің бағы тайған осы күнде,
Өзен жоқ түсетұғын жеке келіп.
Марат дос көріп мұны қайран қалған,
Кезінде олар талай сайран салған.
– Көрмесем сенбес едім мына жайға,
Бұл көрініс жаныма жара салды.
Бір кезде тулап аққан өзен-тұғын,
Ат бойламас ағынды, терең-тұғын.
Иірімнен əрең шықтым сонда өзім,
Ал енді таң қалумен келем бүгін, –
Деп Марат болған жайға қамыққан-ды,
Сөз етіп ауыртатын анық жанды.
Асып, толып ағатын Шелек жоқ-ау,
Қайда екен шоршыған балықтары?..
Масақтың ту сыртын жанап өттік,
Өрдегі бұл ауылға қарап өттік.
– Анау тұс бақша еді бір кездері,
Тал-теректі саусақпен санап өттік.
Алма бақ, ну тоғай, салқын мекен,
(Нендей күйге түстің сен, жасыл өлкем?)...
Тоғайды ағаш қып отқа жағып,
Қатыгез болды сонша халқым неге? –
Деп қалды Рыскелді жаны күйіп,
Азамат қой намысты, ары биік.
Алма бақ есімде менің-дағы,
Алатынбыз алмасын барып жиып.
Байсейіт ауылы ғой мына мекен,
Қазақтан ұйғыр жайлы тұрады екен.
Нарынқол, Кеген жұрты базар күні,
Аттың басын алдымен бұрар мекен.
Байсейіт қазақтың хас батыры,
Ол жайлы басылған тасқа жыры.
Аманаттап кеткенмен жерді бізге,
Айтайын бұл ауылдың басқа сырын.
Байсейіт ұйғырларға болған пана,
Сауданың көрігі қонған дала.
Жалқаулық қазақты басып алса,
Ұйғырдың тағамы толған алаң.
Байсейіт ұрпағымыз дегенменен,
Қазақтың жағдайын келем көріп.
Пұл жасауда саудагер,
қазақ қалып,
Амал жоқ теңгемді əрең берем.
Шетсіз-шексіз жазығы Сөгетінің,
Бұрын сонда қалың мал өре-тұғын.
Мыңғырған отарды да табу қиын,
Темір көлік жол бойы көретінің.
Бастауына жетпестен Райымбектің,
Бұрылдық,
ойлап біз жайын көптің.
Жолына түсіп алып Бартоғайдың,
Асыға апаратын сайына өттік.
Су қоймасы Бартоғай – ел ырысы,
Тəу еткен жөн, дестік, ең дұрысы.
Тамашалап өңірдің ен байлығын,
Бітіргендей болдық біз бір жұмысты.
Бұл Асың Бартоғайдан басталады,
Осы тұс ең тұнығы, бастау əрі.
Дəм ұсынып жігіттер, құрақ ұшып,
Ауыз тиді ниетпен астан бəрі.
Қоршап жатқан Асыны қарағайлар,
Жасыл мекен тамаша, барып жайлар.
Жайлауға Асы деген көтерілдік,
Көрген адам шаттанып, алақайлар.
Болған мұнда Райымбек – қас батырым,
Жырларын жазған екен бар ақыным.
...Көкпар десе қазақтың қаны қызар,
Тұлпар мін де, бауырым, бас тақымын.
...Кім келмеген Асыға, кім көрмеген,
Қайран жайлау білсеңіз не көрмеген?!.
Жыр жампозы Ілияс1 та атын бұрып,
Асы жайлы толғанып, жыр толғаған.
Мұқатай2 да Асыда сайран салған,
Ағыл-тегіл жыр жазып қайран ағам!
Құт дарыған жайлауды жайлаған жан,
Дастарқанын достарға, жайған маған.
III
Дастарқанын достарға, жайған маған,
Қонақжай ғой қашанда қайран қазақ!..
...Көкбұлақ – қарағаймен көмкерілген,
Жасыл желек көркіңе қайран қалам.
Бетегең биік, от қой қойның Көкбұлағым,
Жағаңа кератпен кеп құладым.
Тұнық бұлақ – жайлаудың нағыз құты,
Текеметтей бейне бір көк құрағың.
Рыскелді, Болат дос, өрге ұзап,
Шақырады беткейден:
– Бірге тұрсақ!..
Ілесбек жаяу шықты демікпестен,
Іңір жақын,
құра алмайсың Күнге тұзақ.
Əлден соң оза бердік Көкбұлақтан,
Кетпейді достық үні тек құлақтан.
– Бермен кел!
Қол бұлғайды Болат бізге,
Шып-шып тер шыққандай керқұла аттан.
Есімін жазған екен тасқа қашап,
Болмас сірə, бұдан асқан басқа ғажап!..
Киіз үйдің тапты орнын жаңылыспай,
Бастау алған сол маңнан қасқа бұлақ.
Отыз төрт жыл өтіпті сол бір жайға,
Болат та келмеген-ді сол маңайға.
Тасқа қашап жазған есім сақталыпты,
Қайран қалып тұрдық көп сол маңайда!
– Нақ осында киіз үйлер орнығатын,
Көкбұлақты ата-анам жол қылатын.
Бие байлап, көкпар беріп, қонақ күтіп,
Көңілі түссе əкеміз той қылатын.
Тоғыз жаста көкпарды мен əкелдім,
Қуанғанын көрсең ғой жан əкемнің!..
Малын сойып тастады, тойын жасап,
Ұғынды ол ат ұстары бар екенін!
Мына тас сол күндердің елесіндей,
Бала кез жылқы баққан əлі есімде...
Əкем, анам жайлаған Көкбұлақ бұл,
Дəл кинодай түсіп жатыр бəрі есіме, –
Деп Болат дос іштегі сырын шертті,
Келген еді бұл жерге ұлын ертіп.
– Атаң атын байлаған Көкбұлақ бұл!
Талай бастап келдік қой ұлы көшті!..
Туған жердің əр тасы шежірелі,
Бағаламау пендеге кесір енді.
Қандай бақыт тəу еткен ұлыңмен кеп,
Мерейіңді бұл əркез өсіреді.
IV
Асыда кесіліп кіндігім,
(Түрілген киіз үй түндігі).
...Бір-ақ жаз жайлапты Асыны,
Білдім мен өскенде шындықты.
Ақын кеп беріпті батасын,
Жайлауда қонақ боп жатқасын.
Көшіпті біздің үй Кегенге,
Сəбиі бір жастан асқан соң.
Қулық тау – адам боп, өскен жер
Асы екен – кіндігім кескен жер.
Жайлауда келіппін өмірге,
Шөп пісіп Шілдеде,
ескен жел!..
Арада өткенде қырық жыл,
Асыға арнаған жырым бұл.
...Аунатып қайтты ғой достарым,
Атадан жалғасқан ырым бұл.
Асы жайлауы, 26.07.2008 жыл.
1 Ілияс Жансүгіров. 2 Мұқатай Жылқайдаров.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter