Өлеңдер ✍️
Райымбек ұрпағы
Кiндiгiмдi шыр етiп, кескен жерiм,
Кең далаңда алаңсыз өскен едiм.
Хантəңiрi мұзарт шың – аппақ арым,
«Ер Райымбек ұрпағы» дескен елмiн.
Аспан таулар бұлт сүйген, сүйiктi жер,
Табан тисе басылар күйiктi шер.
Аң мен құсқа бай өлкем, Қызыр қонған,
Кiмге сайран болмадың, киiктi бел!
Шықсаң ғажап жаздыкүн Лабасына,
Беткейде гүл, жатады қар басында.
Қалың тоғай, ақ қайың, сыңсыған ну,
Шырқап əнге қоймайды-ау салмасыма.
Шоған абыз, Қожеке бабаларым,
Көдек ақын, Бөлтiрiк даналарым.
Ұзақ батыр, Əлмерек, əншi Қапез,
Жүрген жолын саралап, сабақ алдым.
Толып ағып жататын қайран Шарын,
Торайғыр мен Жабырға жайған бағын.
Мыңжылқы мен Қулық тау баурайында,
Көкпар тартып, қыз қуып, сайран салдым.
Аңсағанда биiк тау, түз-даланы,
Қырандардың жүрегi сыздар əлi…
– Тау, дала, – деп əн салған сағыныштан,
Туған жердiң мен де бiр мұзбалағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter