Өлеңдер ✍️
Соңғы қоңырау
Толқып тұрмын гүлге толы құшағым,
Қазiр ғана кесiлгендей тұсауым.
Он жыл бұрын ертiп келген анашым,
Бiлiм алып, қанат қағып, ұшамын.
Естiп тұрмын қоңыраудың сыңғырын,
Сезгендеймiн таңғажайып бiр сырын.
Лүпiл қағып, тулап байғұс жүрегiм,
Билеп алды сиқыр сезiм құрғырың.
«Жолыңды тап, қалдың бүгiн ес бiлiп»,
Деген сөзi ұстазымның естiлiп.
Ыршып түстi бiр түйiр жас көзiмнен,
Қабақ түйдi қартаң кiсi сес қылып.
Бұл не деген шат-шадыман кеш едi,
Есейiптi ұл мен қыздар кешегi.
Бiреулерi мақтаны боп ауылдың,
Бiреулерi талантымен өседi.
Қаншалықты қуаныш боп тұрар күн,
Сан алуан тағдыры бар бұлардың.
Бəлкiм бiрiн мүмкiн ұзақ көрмесiм,
Бiреулерiн күнде көрiп тұрармын.
Ойлап тұрмын келешегiн достардың,
Ұстаздардың ақ тiлегiн қостадым.
Соңғы рет сыңғыр қақты қоңырау,
Қош бол, мектеп, жаңа өмiр бастадым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter