Өлеңдер ✍️
Бақыт туралы ода
немесе
«бақытсызбын» деп кейіген ағаларға наз
«Бақытсызбын», – дедің аға, ашынып,
Кезің жоқ-ау жүрген бірақ ашығып.
Баспанаң бар, арман болған мыңдарға,
Болмас па екен осы ісің... асылық?!
«Бақытсызбын», – дедің, аға, шырылдап
Өкпелетіп жүр ме біреу, қырына ап?!
Атағың бар, ел білетін атың бар,
Білмейсің-ау, екенін сен – мұның бақ.
Бақыт жайлы сөз қозғайын ал, тыңда,
Бақыттысың осы отырған қалпыңда.
Алла берген ризығыңды азсынып,
Жетпей жүрсің баршылықтың парқына.
Бақыт деген – дінің, тілің, тағдырың,
Ұлтың барда, адамсың сен, бар құның.
Бақыттысың соңғы қазақ қалғанша,
Бақыттысың елің барда, жарқыным.
Жерді басып жүру – нағыз бақытың,
Отбасың да ортаймайтын бар құтың,
Ұрпағың бар, басатұғын ізіңді,
Кеше өткен бабалардың сарқыты.
Бақыт деген – бақыт жайлы ойлауың,
Қызығына гүл-өмірдің тоймауың.
Төрт мүшең де түгел, қате, бауырым,
«Бақытсызбын» деген ойға бойлауың.
Бақыт деген – арайланып атқан таң,
Бақыт деген – гүл тергенің бақтардан.
Бақыт деген – сезіне алмай жаныңмен,
Бақытсыздық іздеуің сол шақтардан.
Бақыт деген – туған жерде жүргенің,
Бақыт деген – қуанғаның, күлгенің.
Бақыт деген – жоқ іздеген əр күнің,
Бақыт деген – тəубе деп өмір сүргенің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter