Өлеңдер ✍️

Қарыздармыз анаға
Əйел заты – ғазиз анаң – ол деген,
Бір сен үшін күн-түн тыным көрмеген.
Жақсы ісің болса, сонша шаттанып,
Кемшілігің болса, көңіл бөлмеген.
Əйел заты – сүйген жарың – ол деген,
Ерің жаман деген сөзге ермеген.
Қандай қиын сəттер болсын қосағын,
Жүрегінің жылуымен емдеген.
Əйел деген – əпкең – қамқор бауырың,
Көтеретін небір жүктің ауырын.
Бар жақсысын тосып сенің аузыңа,
Берер саған қолындағы тəуірін.
Əйел деген – қарындасың – тілекшің,
Саған – ол да, сен де оған – тірексің.
Қабағыңа кірбің түссе, сезіп қап,
Назыменен елжіретер жүректі.
Əйел деген – Алла берген – қыздарың,
(Қамын ойлап жүрек талай сыздады).
Еркелеп кеп асылғанда мойныңа,
Еріп кетер көңілдегі мұздарың.
Əйел деген – еркек үшін жаралған,
(Қиындықты жеңе білер сан алуан).
Бұл жалғанда қарыздармыз Анаға,
Бар Адамзат тек анадан таралған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇