Өлеңдер ✍️
Ана қасқыр
Солтүстіктен самиян самал есіп,
Сызықтар мен түзіктер барады өшіп..
Неліктен мына бұта жалаңаш тұр?
Қасіретке душар ма, қарабасқыр.
Қашып кеп ажалынан бой тасалай,
Жар ағашқа тірелді Ана қасқыр.
Қалды кенет қорқаулар құрсауында,
Шарасыздық салмағы мұнша ауыр ма?
Құзғын жыртқыш ғұмырдың
соңғы үміті,
Бөлтірігі болатын құрсағында.
Қанды тілін қайыра шайнап төніп,
Қара тасқа азуын қайрап келіп.
Іштегі өмір үшін сыртқа сыймай,
Сәбиі үшін тұрды Ана айбат шегіп!
Осып өтіп тырнағы һас тарланға,
Қан аралас жанардан жас тамғанда,
Ар үкімі қалықтап асқарларға,
Тіршіліктің күресі басталғанда,
Дүние жатқан шақта көшіп алда,
Осы тәулік,
Осы сәт,
Осы маңда,
Аңырап бесік мола, кілең төбе,
Адамзат деп аталар ұлы өлкеде.
Қарайып күн шатқалы,
Қарайып қырға біткен гүл шоқтары
Жатқандай жын соққалы,
Сәбиін алдырмақ боп құрсақтағы,
Қаралы әйел!
Кем түсер қай ғаріптен,
Туа сала өлімді ойланып пе ең?
Ойланып пе ең бітер деп сәтте арасы.
Жазықсыз перзентінің бойға біткен,
Тағдырына тас атып жатты Анасы...
Неліктен бесік іші жалаңаш тұр?
Қасіретке душар ма, қарабасқыр.
Тасқа біткен жүрексіз мына әйелге,
Жүрегіңді берші сен, Ана қасқыр?!
Табиғаттық тылсымға таңдай қағып,
А, Құдай,
Кетсем бе екен Аңға айналып.
Қазулы кеуделерге көрге айналған,
Ақсиып азу тісім,
Шамдай жанып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter