Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  602


Автор: Батырхан Сәрсенхан

Мейірім

Бізді жылдар оятсын, оятпасын,
Мен аңсаймын Мейірім таяқшасын!
Мен аңсаймын жанарды жас арылған,
Жүректі ізгі нұрдан жасалынған.
«Жат» деген ұғым өліп жер бетінде,
Қарт көрем бос орыннан.
Қол көрем құшақтауға арланбаған,
Сен менен жасырынып армандаған.
Леп ескенде басынан ақ таулардың,
«Жеттің!» деп күлімдесе жолдар маған.
Үркек ойлар жиғанда аяқ-басын,
Серпіп қалсам Мейірім таяқшасын!
Шертіп қалса саусағын көп өмірлер,
Көңілден бүршік жарып көгерулер.
Зар жылаған,
Өкінген,
Қалжыраған.
Абзал кәрі алжыған, алжымаған.
Кереметтей сеніммен қалғымаған,
Аспанға қарай қала сан мың адам!
Өкінуді,
Қарғауды,
Қасаруды,
Жекіруді, алдауды, өш алуды,


Ұмытып, жұбанса адам, жұбатса адам,
Шымылдықта өксіген жас аруды.
Ал, мүмкін,
Өңге айналып қилы арманы,
Гүл алып келіп тұрса сүйген жаны!
Лезде күлкі билеп езуінде,
Лезде ұмытылса қиналғаны.
Мен аңсаймын мезгілдің балаң шағын,
Балаң шаққа ауғанда бар аңсарым.
Сиқырлы таяқшадай қиялдағы,
Жарқ етті қолымдағы қаламсабым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу