Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  151


Автор: Батырхан Сәрсенхан

Сағыныш

Күз жеткенде,
Қарайлап тарау-тарау тізбектерге.
Тарау-тарау тағдырлы тырна көшпен,
Ілесіп біз кеткенде.
Жанарға жас алды анам,
Құлын едім кермеден босанбаған.
Қара тасқа маңдайы қашалмаған.
Қара адырдан әріге аса алмаған.
Бөле алмай жарты арманды,
Дос қалды, қаңтарылған қалқан қалды.
Қарт тұрды бата беріп,
Бүгілген Ай тәрізді.
Соңғы рет құшып тұрып, «Ата» дедік,
Сезді ме ол көре алмасын қайта бізді?!
Егіз өскен бұтадай бақтан өріп,
Тағдырдың жаза салған тақпағы едік.
Таза едік, аппақ едік.
Армандар ала қашқан көк көшені,
Ажал да арттан қуса, жетпес еді.
Көкжиек көз алдымда мұнартады,
Көз алдымда көкжиек беттеседі.


Боз үміт қалып қойған бозаң қырда,
Жазбадым, соны неге жазар жылда?
Құрақ-құрақ бұлт шалған көп арманға,
Қолымды жете алмасам созармын ба?
Кезінде тұғыр қонып, тауға айналған,
Жаурайды,
Жаурайды үміт,
Жаурайды арман.
Тоңбаған менің сәби сезімдерім,
Бұртиған бүлдіршіннен аумай қалған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу