Өлеңдер ✍️
Сол қызға
Дәмхана, бетпе-бет кеп түйіскенде,
Сен күліп,
Мен өзіңе тиіскенде,
Телефонның нөмірін бере қойдың,
Ернімнен тістеп алдың сүйіскенде.
Мұртыңды алшы дедің, тыңдамадым.
Қырсық -деп, бұрылдың да, бір қарадың.
Шынында еміреніп жақсы көрдің,
Жалғанда аман-есен жүр қарағым.
Тауға бардық, атыма мінгестіріп,
Күйбең тірлік, қалыпты күн кешкіріп.
Бабалар жолын қуып алсам дедім,
Өзіңді әйеліме күндес қылып.
Құшақтадым, сүйістім, иіскедім.
Сол бір қыз жар болуға тиіс пе едің?
Әйелімді ойладым, ал сол қыздың,
Арына дақ салмадым, тиіспедім.
Көрдім мен өткенімді таразылап,
Қалмады әйел жылап, бала жылап.
Сен кеттің,
Ал мен қалдым бақыт тілеп,
Алдымнан күтіп алды жаңа сынақ.
Өткенім,
Өткен өмір, құлыптайын.
Асауды жүгендеп бір, құрықтайын.
Сол шақтарды ұмытқан шығарсың-ау,
Мен бірақ сол күндерді ұмытпаймын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter