Өлеңдер ✍️

  17.08.2022
  113


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Жұлдызды түн

Сол күндерден қалып қойды қаяу мұң.
Шырт ұйқыдан есеңгіреп ояндым.
Екі інім ұйықтап жатыр жанымда,
Пыс-пыс етіп, көжегіндей қоянның.
Тау,
Дегерез,
Түннің тыныш тынысы.
Естіледі аға-жеңгем ұрысы.
Бұл тауыңда тұрмаймын-деп кектесіп,
Ерегіске ұласқандай түн іші.
Үнсіз жатып әңгімесін тыңдадым.
Жеңгемнің де қырсығып бір тұрғанын.
Машинасын оталдырды ағашым,
Көргенім жоқ,
Жеңгемді алып ұрғанын.
Көрген жайым осы еді, шындығы,
Киіз үйдің ашық еді түндігі,
Гүрілдеген көлік үні ұзады,
Дала үнсіз,
Түн тыншыды, мүлгіді.
Қарнымыз аш, дайын тамақ болмады.
Жеңгем анау,
Нені, кімді, ойлады?
Бізді қойшы, қайныларын ескермес,
Тұңғыш ұлын неге ойлап қоймады?


Бозбаламын, сырын таппай тетіктің,
Құлпын іліп, киіз үйдің, есіктің,
Жауып жатып екі інімнің көрпесін,
Ұйқысұрап мен де қалғып кетіппін.
Қалай ашып кірген үйдің ілмегін?
Әкем кепті,
Мен оны да білмедім.
Қазан-ошақ қайнап жатыр оянсам,
Апам кепті,
Дауысынан білгенім.
Жүрген жан ғой,
Жарылқап бір жан- жағын.
Анашым-ай,
Қамқоршым-ай ардағым.
Түн ішінде қамын ойлап баланың,
Қараңдаршы түнде келіп қалғанын.
Аспан әлем қызыл түске боянды.
Өріске де бет алыпты қой алды.
Мені қойшы,
Қос немере есінеп,
Атасының құшағында оянды.
Керек пе деп, жеңгем кетті, қай малың?
Қайда екенін сезбей кетті пайданың.
Ал екі інім қарны тойып мәз болып,
Әзілдесіп жатты ішіп айранын.
Ағамның да жаңа таңы атыпты.
Жаңа жеңге үйге түсті жақұтты.
Жеңгеміз де ұзамады әулиеттен,
Ал сол ағам, басқа жанмен бақытты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу