Өлеңдер ✍️

  17.08.2022
  198


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Жігерлендіру

Көңілің пәс, неге жүрек жылап тұр.
Әр адамда кездесетін сынақ бұл.
Ішкі сезім алдамайды, тыңдашы,
Іштен шыққан дауысыңа құлақ түр.
Ішкі дауыс,
Демеу берер бір ғана.
Адам пенде,
Сен ешкімді тыңдама.
Түнгі мұңнан, таңғы шешім ақылды,
Түнде сені жұбатады жыр ғана.
Өр сөйлесе кейбіреулер тойына,
Көңіліңе алып қатты мойыма.
Аллаһымның түсіңдегі аяны,
Өлең болып оралады ойыңа.
Құлап жатсаң қас дұшпаның қуанар.
Тастай төзім, осы кезде сыналар.
Ауыр жүгің иығыңнан түседі,
Жасырынып, еңіреп бір жылап ал.
Жадырап бір атпайды ғой, әр ақ таң.
Есіңді жый,
Әрі қарай талаптан.
Күлу, жылау қатар жүрер өмірде,
Адамзатты Құдай солай жаратқан.


Ақ таң да атар,
Күн де шығар қияқты.
Жанарыңнан неге жасың жиі ақты?
Кинолардың әртүрлі ғой жанры,
Біздің жанр мелодрама сияқты.
Қаліңді де,
Жайыңды да, сеземін.
Жылу таппай өртеніп жүр өзегің.
Бір қайырын Алла саған жолдайды,
Сынақ тірлік сынап жатыр, төзе біл.
Мына өмірде шашағындай қамшының,
Шер тарқатып, ақтарылды-ау бар сырың.
Уайымдама бәрі жақсы болады,
Бота көзі мөлдіреген алтыным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу