Өлеңдер ✍️
Қазағыма
Бір сөз айтсам он сөз айтар ағайын.
Көріп келем қиянаттың талайын.
Елбасыға кінә таға бергенше,
Өз жөнімді өзім жөндеп алайын.
Желкемдегі кежірлікті жеңейін.
Еңбек етіп, жер ананы емейін.
Әрбір адам, өз әлінше ойлайды,
Пікірімді мен де айтып берейін.
Иә, рас, ел ілінді сынаққа.
Көк тәңірі пенделерді жылатпа.
Апандағы арыстанға айтпайды,
Бұл жағдайды шибөрілер бірақ та.
Сол ғана ма, ақ жағасын кірлеткен?
Мына «Тажал» бар әлемді індеткен.
Бүкіл әлем құрсауында тажалдың,
Жарты әлем өліп жатыр індеттен.
Дана жан ғой, Алла берген саналы.
Дүние жалған, өмір өтіп барады,
Қартайғанда дүниеге қызығып,
Барлық адам, бала болып қалады.
Шал кет-дейсің, айқайлайсың, сөгесің.
Дүние жалған, сен де бір күн өлесің.
Әкесінің зейнетімен жүрген көп,
Әкең өлсе қалайша өмір сүресің?
Құлдық сана, кетеміз бе емделіп?
Көгершінге қолымыздан жем беріп.
Тоқаев та жақпай қалды көбіңе,
Адамдар-ай,
Пейілің-ай, пенделік.
Бектер кетсе, белес қалар, бел қалар,
Биліктің де беті бір күн бері қарар.
Үй сыртында анталаған дұшпан көп,
Төртеу түгел болмаса егер, нең қалар?
Аз болса да, көп болса да несібең,
Тар жол тайғақ- жолды талай кешіп ең.
Ойым да осы, пікірім де, жазғырма,
Кешіре біл, мен де сені кешірем.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter