Өлеңдер ✍️
Тәрбие
Жүретін ұл әр сұлуға үздігіп,
Үйлендің бе?
Көзіңді жұм, қызды ұмыт.
Не қыласың әйел жанын жасытып,
Ішіндегі қызғанышын қыздырып.
Есер шағың, желігің де қалады.
Суытып бір алмағайсың араны.
Қартайғанда анау «Қақпас» жылатты,
Деп ортаға ұлдарыңды салады.
Қорған болып жүрсең дағы балаға.
Сол баласыз бағың сенің жана ма?
Әкемін деп қанша төсті қақсаң да,
Ана жақын,
Бала жақын анаға.
Балапаның алсын десең тіліңді,
Салтын сақта бабалардың бұрынғы.
Анасына айтып оны жүгенде,
Көтеретін әйелің ғой құныңды.
Қаймығып бір өстім мен де әкемнен.
Сабақ алып келем әке, қатемнен.
Келіндерін сонша қатты сыйлайды,
Енді қайтсін, өзі еді ғой әперген.
Адамдардың ажыратпай арасын,
Жүгендейтін,
Желкелейтін баласын.
Әкең ұйықтап алсын дейтін тынығып,
Үніңді өшір, дейтін бізге анашым.
Сол тәрбие қаннан келді қарашы.
Балдарыма үйреткен бе анасы?
Ұйықтап жатсам шыбын үні шықпайды,
Көрінбейді-ау, үйде бала қарасы,
Мүмкін әлде озық па екен санасы?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter