Өлеңдер ✍️

  16.08.2022
  84


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Қорқаудан қорқам

Езден мен қорқам,
Қасықтап қанды ішетін.
Соңыңа сенің шырағын алып түсетін.
Қорқаудан қорқам,
Қан қапқан қанды азуы,
Жегісі келіп жүретін әр кез, кісі етін.
Әртүрлі адам,
Зер салып бір сәт қарашы.
Әртүрлі ме екен, әркімнің зейін, санасы?
Сыртында дейді аласы малдың,
Жалған-ай,
Адамың бірақ ішінде жатыр аласы.
Бетсізден қорқам,
Ұрысқа дайын тұратын.
Арсыздан қорқам,
Білегін түріп шығатын.
Долыдан қорқам,
Төріңнен сүйреп есікке,
Жаныңды алып,
Жағаңды жыртып, жығатын.
Тақымдап сені, кеткісі келіп өңгеріп.
Сайқал бір мінез, алғандай әбден меңгеріп.
Адамның бүгін пейілі неге әртүрлі,
Сондақтан бәлкім жаратты-ау Құдай, пенде ғып.
Тұлпардай озып,
Аузыммен құсты тістейін.
Ұмытайыншы,
Жаман бір көрген түс дейін.
Сабырлық сақтап, биігімде мәңгі қалайын,
Деңгейіне оның түспейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу