Өлеңдер ✍️
Анаға сағыныш
Қара бұлт томсарып көктен де,
Гүл шыға қоймаған көк белде.
Арқалап мені апам келеді,
Сұрықсыз сол бір жыл, көктемде.
Дегендей, неге өмір сынайды,
Көше де, ми батпақ, лайлы.
Өксігі тығылып тамаққа,
Білдіртпей ішінен жылайды.
Түсейін, артыңнан еремін,
Әлім жоқ мен дағы демедім.
Қапсыра құшақтап арқасын,
Мұң зарын түсініп келемін.
Шүкір ғой,
Мен қазір тәуірмін.
Бес жасым, мен қатты ауырдым.
Көктемгі салқынның әсері,
Ауыру мендетіп бауырдың.
Қабыл боп атамның тілегі,
Әкемнің ауырып жүрегі.
Емдетті, емделдім шүкірмін,
Оның да табылды бір емі.
Осы еді балалық жайымның,
Өтемі болды ма қайырдың?
Ажалды өзімен ап кеткен,
Атамнан сол жылы айрылдым.
Сөнбесін, жансын деп шырағың,
Мекендеп мәңгілік тұрағын,
Жазылып үйіме келгенде,
Атам жоқ,
Іздедім, жыладым.
Көңіл мұң,
Жүрек зіл, біледі.
Тоқтады анамның жүрегі.
Сен жоқсың, кенеттен ауырсам,
Кім мені арқалап жүреді?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter