Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  280


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Апам еді бəрімізге қараған

Қара күзде тезек тасып даладан.
Апам еді бəрімізге қараған.
Əкемнің де қамқоршысы сол еді,
Тоғыз жан ек ол кісіден тараған.
Бесте тұрып, таңмен бірге таласып.
Жатса дағы қамыры ашып, нан ашып.
Тандыр пешті даярлайтын от жағып,
Арасында немереге қарасып.
Сол бір бейне, қалып кеткен естегі.
Қара шəйнек бұрқылдайтын пештегі.
Мойымайтын сонда дағы анашым,
Бейнет бола тұрсадағы кешкені.
Жетілерде əкем жаймен тұратын.
Жылы сумен беті қолын жуатын.
Шайын беріп асты-үстіне түсетін,
Бірін-бірі айтқызбай-ақ ұғатын.
Келетін жер ағам үйі үш аттап.
Жеңгем келер үш баласын құшақтап.
Жұмысыңа бара бер деп қалатын,
Шешем байғұс немерені құшақтап.
Шөп жинайтын, тары егетін, мал бағып.
Қу бейнеттен кеткен де жоқ малданып.
Қара бала қамын ойлап анашым,
Балалардың қызығына алданып.


Он жеті жыл бағып-қақты атамды.
Жүзге келген қарттан солай бата алды.
Енді міне кенже ұлың да қыр асып,
Заңгер бала, ақын бала атанды.
Көріп өскен жайды жаздым, кеш мені.
Бейнет еді көргені мен кешкені.
Етегіне сүрініп кеп ұйықтайтын,
Тамашаны көре алмай, кештегі.
Жан анашым,
Жанашырым сен менің.
Бақилық боп кеткеніңе сенбедім.
Кетеріңді сездірдің бе түсімде,
Есте қапты еңсең түсіп енгенің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу