Өлеңдер ✍️
Қош, ардақтым!
Қош, ардақтым!
Теңдесіз асыл қайғым,
Жырым мынау, сырымды жасырмайтын.
Сенің ғазиз басыңды сыйлағанмен,
Біздің тағдыр – таулардай қосылмайтын.
Көрмеп едім,
ешқашан бал аштырып,
Болашақты жазылған қарастырып.
Жетекке алып ұл-қызды екеумізге
Бұйырмаған жүруге жарастырып.
Отыз бес жыл өшірмей есімімді,
Сағынышпен тербеп жыр-бесігіңді
Келгеніңе разымын, енді күзде
Қақпағайсың ашылмас есігімді.
Өкпелеме,
Бетімнен қақты деме,
Діні қандай апырмай қатты деме.
Суық жанға осынша от махаббатым,
Қалай ғана жүректе жатты деме.
Бағы шығар Алланың маған берген,
Жырыңменен көтеріп бағамды елден
Айнымадың танытып асыл мінез,
Не шықса да шығады табанды ерден.
Қош, ардақтым,
Адалым, арыстаным!
Қанша ғашық болсаңда табыспадым.
Қол жетімде тұрғанмен бақытың боп,
Өкпелеме, мен басқа жол ұстадым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter