Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  117


Автор: Сәуле Досжанова

Биыл күздің ғажабын-ай, ғажабын!

Биыл күздің ғажабын-ай, ғажабын!
Құстар көкте салып жатыр наз әнін.
Алтын сары көйлек киіп ағаштар,
Жапырақтар сыбырлайды ғазалын.
Жер аударып көктен Күннің назарын,
Аймағымның нұрға бөлеп ажарын.
Егіні де, жемісі де мол болып,
Сапырады берекенің қазанын.
Биыл күздің ғажабын-ай, ғажабын,
Осы күзде тарқап менің базарым,
Осы күзде сыңарымнан айрылып,
Кім ойлаған аққу жырын жазамын.
Көп адасып бірін-бірі іздеген,
Сары күзде танысып-ек біз деген.
Қоштасуға үлгере алмай дүние-ай,
Кетті жарым ғажайып сол күзбенен.
Ғажап күзді көре алмады ғашығым,
Жүрегіне түсті ме өмір жасыны.
Кетті жанып, ұлттың жоғын түгендеп,
Алты алашы ардақтаған асылым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу