Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  127


Автор: Сәуле Досжанова

МИНУТЫ ЖОҚ САҒАТ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Чех елінде,
XVI- ғасырда,
Сыра жасап, атақ-даңқын асырған.
Рудольф деген король бопты кеңпейіл,
Жаңалыққа әуесқойлау жасынан.
Дәуренінің жүріп тұрған шағында,
Аласұрып қиялымен қағынған.
Жылына бір жаңа жарлық жасапты,
Жамиғатқа әміріне бағынған.
Көрхана мен ашып жаңа абақты,
Күнәһарды сонда апарып қамапты.
«Жүргізіңдер, –
деп те әмір беріпті,
Минуттарын алып тастап сағаттың!».
«Күндерің мен
түндеріңді өлшеп тек,
Минуттар мен секундтарға бөлшектеп.
Қайтесіңдер,
лақтыр ұсақ сол тілді,
Ірі тірлік жасайық та өлсек те.»-
депті король ел-жұртына қаратып,
Жандайшаптар сөзді әкетті таратып.
Чех жұртында Рудольфтың тұсында,
Тәуілікті минуттарсыз санатып.
Алхимиктер шуағына бөленіп,
Жаңалығы алтынға тең теңеліп,
Патшасын сендіріпті:
«түбінде,
Ен байлыққа қаламыз деп кенеліп».
Күндер айға,
ай жылдарға мінгесіп,
Минуттарсыз жатты чехтар күн кешіп.
Рудольф патша шайқап өмір сүріпті,
Көрші елдермен ірі-ірі тілдесіп.
Марғау тірлік кештіретін халықты,
Сол дәуірден екі сағат қалыпты.
Прагада Вассаль атты шіреуде,
Минуттарсыз қоңырауын шалып тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу