Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  152


Автор: Сәуле Досжанова

ЖАСТАРСЫЗ АУЫЛ

Ауыл мынау,
төрт мезгілді санаған,
Той-думанын нарық заман тонаған.
Тыныштықтан мүлгіп тұрған үйлерде,
Қарттар қалған хабар күткен қаладан.
Бақташылар қашқан малды қайтарып,
Кешкі ауылды дүрліктірер айтағы.
Бір кездері жастар жүрген бақтарда,
Жапырақтар өзара сыр айтады.
Дөңгеленіп Айдың көкте табағы,
Мүлгіп жатқан ауылға көп қарады.
Бір кездері жастар жүрген қырларда
Суық желдер уілдеп ән салады.
Көк тіреген тауларының шыңдары,
Бұл ауылда сезіледі мұң бары.
Қариялар түн ұйқысы бұзылып,
Қайта-қайта тілипонды тыңдады.
Бір «құдайы тамақ» беріп қауымға,
Алып қалып немерені бауырға,
Ұлдары мен келіндерін жіберген,
Жұмыссыздан сыймаған соң ауылға.
Енді келіп екі көзі төрт болып,
Жол қарайды, сағыныштан өрт болып.
Баспанасыз жүрген бала уайымы,
Жабысады жүрегіне дерт болып.
Міне осындай екі үйдің бірінде,
Қарт күзетші тілипанның түбінде.
Есігі мен терезесі бекулі,
Отау үйдің жастар үшін тігілген.
Міне осылай бүгінде өлі тыныштық,
Қайран ауыл – алтын бесік, ырыс-құт.
Жастары жүр алыс-алыс қалада,
Күндерді аңсап өзінде өткен тым ыстық.
О, оқырман,
бәлкім бір ой тастарсыз,
Менің жырым көрпешедей астарсыз.
Құлазиды көшелері бос қалған,
Қазақы ауыл –
ауыл болмас жастарсыз.
Қоссам деп ем,
ағайынның бастырын,
Қайда кеткен өлеңқұмар, жас дарын.
Ауылыммен құлазимын қосылып,
Қашан қайтып оралады жастарың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу