Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  294


Автор: Сәуле Досжанова

БОЛАШАҒЫ ЕЛІМНІҢ

Тәуелсіздік жолында баба рухы көтеріп,
Көк байрағы қолында, парызымыз өтеліп,
Қазақ елі келеді – алпауыттың бірі боп,
Мәңгілікке апарар жолға түсіп төселіп.
Болашақтың кемесі ел бағына жегіліп,
Алып-ұшып келеді алдынан нұр себіліп.
Қанында күй ойнаған ұлтқа қуат береді,
Құс жолының бойынан қобыз үні төгіліп.
Махаббатпен көктен Күн нұр шуағын құйып тұр,
Қара жердің қатпары ақтарыла иіп бір.
Қойнындағы асылын төксе ұлы далаға,
Жаратқан да елжіреп Қазақ Елін сүйіп тұр.
Таңдандырған талайды Отанының жүрегі,
Астанасы арайлы – Мәңгілік Ел тірегі.
«Бәйтеректен» тараған қасиетін қазақтың,
Ғажайыпқа балаған төрткүл дүние біледі.
Алтын Алтай таулары асқақ ұлы сезімдей,
Мөлдірейді Каспийі Жер ананың көзіндей,
Елу жылда көбейген елу миллион халықты,
Жер қайысқан сарбазы күзетеді көз ілмей.
Байқоңыры жалғайды көк пен жердің арасын,
Солтүстікте ақ бидай толқытады даласын.
Абыралы, Дегелең шүйгін шөпке оранып,
Гүлдер жауып кетіпті сынақ салған жарасын.
Хан-Тәңірі, Мұзтаумен көкке қаққан бір қазық,
Шыңғыстаудың шыңына тарлан тарих сыр жазып,
Ұлытауы ұрандап басын қосып ұлтымның,
Бетпақдала төсінде көсіледі бір жазық.
Оңтүстіктің мақтасы жайқалады егісте,
Төрт түлігі сыймайды төлдегенде өріске.
Алашының Анасы- Сыр емізіп өлкесін,
Жер жаннаты – Жетісу малынып тұр жеміске.
Түркістанның басына рухани бақ байланып,
Түркі елінің тәу етер Мекесіне айналып.
Арыстары Алаштың аруағымен көтеріп,
Даласында Тұранның сапарлап жүр ойланып.
Болашақтың кемесі бойлап өмір теңізін,
Алып- ұшып келеді, тарихқа сап ел ізін.
Бабасының арманын орындаған Ел отыр,
Жырмен қалап ұрпаққа Мәңгіліктің негізін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу