Поэмалар ✍️
ҚҰРЫЛЫҚ ҚАСІРЕТІ
Бұрқылдаған жиналып шаң балаққа,
Мәз-мейрам боп тағылған жалған атқа,
Үндістердің ойынын ойнап өстік,
Қиқу салып саялы алма бақта.
Балалық шақ болса да бүгін арман,
Ойын еді ол шындықтан түбір алған.
Әлі есімде, қалайша ұмытайын,
Менің атым «Желаяқ бұғы» болған.
Сәби қиял ұшырған қаршығасын,
Түсінді ме ойынның мән, шүбәсін?
Қай шайқаста болмасын, ер үндістер
Тас-талқан қып жеңетін қарсыласын.
Аязың не, бәрібір, аптабың не,
Дабыл қағып мінеміз атқа бірге.
«Сұңқар» менен «Чингачкук» фильмдері
Қайта жүріп жататын бақта күнде.
Жербауырлап, тығылып қалтарысқа,
Жетуші едік тұтқиыл сан табысқа.
Денемізден бірақ та қан ақпайтын,
Және де ешкім өлмейтін арпалыста.
Ойынға іңкәр от ойнап мөлдір көзде,
Нені ойладық біз, досым, сол бір кезде?
Үндістерді соншама жақын көрдік,
Далақтаған қиқулап өндір «кезбе».
Бүгін, міне, сорғалап қара терім,
Бір халықтың тағдырын зар етемін.
Әлде біздер сол кезде жас та болсақ,
Білдік пе екен олардың ақ екенін?
1. Апат
Жүгірткенмен сан-саққа әрі-бері,
Болмағанмен ғалымы, дәрігері,
Сарайда емес, күркеде өмір сүрген
«Жабайы еді», бірақ та халық еді.
Сәтті аңшылық, бай егін – ел тілегі,
Самал желмен джунгли желпінеді.
Қалпақ киіп, бант тағып, кофе ішпеген
«Жабайы еді», бірақ та еркін еді.
Байлықтың да, бақтың да кезі өтеді,
Еркіндікке алайда не жетеді?!
Зіркілдеген зеңбірек, мылтығы жоқ,–
«Жабайы еді», бірақ та өжет еді.
Адамға емес, тек аңға жақ кезеді,
Суларындай сүйріктің тәтті өзегі.
Өмір мұнда ұйыған сүттей еді,
Күлкісіндей сәбидің тап-таза еді.
Түк көрсетпей бір сұмдық түлесе түн,
Лапылдатып жағатын күрес отын.
Көбелекпен жарысып қыз өсетін,
Қабыланмен алысып ұл өсетін.
Суда балық, нуда үнді сайран құрсын,
Иірімінде уақыт айналдырсын.
Колумб жар салды: «Жер аштым!»-деп,
Ұрпағы отар қыларын қайдан білсін.
Мұрттан күліп, тапқандай мықты арманын,
Отаршылдар баптады «сырттандарын».
Жағалауға мұхиттан кеме келді,
Кесапаттың басы боп құртқан бәрін.
2. Сүргін
Жұмбақ құрылық дір-р етті...
Джунгли қалқан ба аз?
Жүректі де білекті
Сапқа тұрды сан сарбаз.
Көсемдерден атақты
Жоспар жайын сұраңдар.
Жариялап апатты,
Қалқып жүрді қырандар.
Адамдардың түсі ақ,
Ісі неткен қара еді?!
Отты суын ішіп ап,
Балалатты бәлені.
Заман болды түнерген,
Ұмытылды күлкі де.
Лапылдады күреңдер,
Адамы да, мүлкі де.
Көрсеткенмен ірілік,
Қуат беріп арманы,
Күн менен Түн бірігіп
Өмір сүре алмады.
Қаптап келіп кемемен,
Тігіп жатты ордасын.
У жағылған жебеден
Басым түсті қорғасын.
Арттан шапқан сұм аңдай
Жылы қаннан жай табар...
Жел ысырған тұмандай
Ыдырады тайпалар.
Жауып алған көзін қан,
Құстар жапты аспанды.
Ащы ішектей созылған
Ұлы сүргін басталды...
3.«Алтын жебе»
Қайдан атты, қай аудан – кім ұққан-ды?
Ақсүйек бір ағылшын бүлік қанды,
Арбаға кеп қадалған сұр жебені
Суырды да, аңырып тұрып қалды.
Ұқтырып тұр сілейген қалпы нені?
Осы емес пе Тәңірден бар тілегі:
Ысқырып кеп қадалған қалқа ағашқа
Сүр жебенің кірісі алтын еді.
Ротасы түскен жоқ ұрысқа әлі,
Тістеп көріп байқады, дұрыс бәрі.
Алтын.... алтын, арқасы офицердің
Бірде кеңіп, біресе құрыстады.
Айқай салды ақыры, шыдамады,
Кентуккидің жаңғырды шың алабы.
«Джентльмендер, қараңдар, алтын, алтын!
Жабайылар өнерді шығарады.
Атар болды алтынмен құтырғасын,
Үлгерейік, байлығын жытырмасын.
Іздегенің табылды, ал қаптаңдар,
Бұл тайпадан бір адам құтылмасын!»
Қорқу-үрку дегенің былай қалды,
«Алға!» – алтынға офицер ұрандайды.
Бір аттауға шамасы келді бірақ,
Көз алдында дүние шыр айналды.
«Байлық жайлы болғанда бүгін мәлім,
Болмады-ау, – деп ойлады, – жығылғаным....»
Жағылған у алтынға
Отаршылдың
Жаһаннамға жөнелтті шыбын жанын.
Ұмтылғанда байлықтың жарқылына,
Ұшырады қарғыстың салқынына.
Әділетсіз соғысқа қарсы шықты
Үндістердің жерінің алтыны да.
4. «Жабайы өгіз»
Бір қырғында құлады нешеме ері,
Жоқтап жатыр жарлары, шешелері.
От басында отырған обадай боп
«Жабайы өгіз» тайпаның көсемі еді.
Намысы үшін жандарын қиды бәрі,
Бірге өлер ед, келген жоқ бұйрық әлі.
Жол таба алмай шығатын тығырықтан,
Кәрі көсем қан құсып, ширығады.
Қайткен күнде тайпасы сақталады,
Ертең тағы бұл жерден аттанады.
Шегінуде тоқтаусыз, туған жерде
Ата-баба бейіті қап барады.
Тәңір қайда садақа қабыл алған,
Тыныш күндер түстегі сағым-арман.
Бұл қан-сөлсіз қарақшы кәпірлердің
Жыртқыштығы кетті асып қабыланнан.
Қопаруда ойпаттың тас кенішін,
Үндісті ату – құс ату әскері үшін.
Бір қорлығы – оққа ұшқан боздақтардың
Сыпырып ап сатады «бас терісін».
Күз де жақын, қиындық басталады,
Ашылмай тұр аспанның қас-қабағы.
«Егер өзім берілсем ... не болады:
Аяр ма екен кемпір-шал, жас баланы?
Өзім білсем – бұл іске неге бардым?
Мені өлтірсе, мәңгілік демалармын...
Сендер аман болыңдар, қош!» – деді де,
Үш күннен соң тайпасын ерткен көсем
Дәргейіне бас ұрды генералдың....
Ақ адамдар тек аңның досы білем,
Масайрауда мәз-мейрам қосынымен.
Асулы тұр қамалдың қақпасында
«Жабайы өгіз » өзінің қос ұлымен.
5. Күрең қыз
Дым шығармай тап берер жырынды шын,
Өлі болса – тым жақсы тірі үндісің.
Қапияда істейтін қайран болмай,
Қолға түсті күрең қыз құлын мүсін.
Таңғы дамыл қауіпті кеш ұқтырды,
Тағдыр неге қайғыны өшіктірді?!
Табиғаттың күнәсіз құралайы
Анталаған тобырдан шошып тұрды.
Жар болар қыз джунгли батырына,
Жыр болар қыз таусылмас ақынына...
Былай деді капитан: «Кешке жақын
Ап келіңдер сарыала шатырыма!»
Адам емес секілді, сауда малы...
Қолыменен көрсетіп дәу қараны,
Сатқын үндіс: «Бұл үлкен мәртебе», – деп
Әлгі сөзді аруға аударады.
Жымсияды сатқынның хошы көзде,
«Көне бергін – дәм басқа, несіп өзге ...»
Белдемшенің астынан сұр кездікті
Суырып алды күрең қыз осы кезде.
Аһ, айтылмай қаншама әні қалды,
Кеше ғана бақытты, бәрі бар-ды.
Жанарынан от шаша қарап тұрып,
Жүрегіне ойланбай салып алды.
Қызу қанды үндістің таза тегі,
Қанішерді қалайша мәз етеді?!
Қанға батқан өлігі күрең қыздың
Асқақ еді, мәңгілік азат еді.
Резервация
Бүтін халықты қалайша жылым жұтады,
Аштықтан, оба, суықтан қырылды тағы.
Еркіндік үшін егескен есіл ерлердің
Қу тақыр шөлге айдалды үрім-бұтағы.
Ойласаң егер жан түгіл, қан күйер еді,
Үндістер еді құрылықтың заңды иелері.
Жап-жасыл жерді қып-қызыл қанмен суарып,
Кемемен келген кезбелер мәңгі иеленді.
Ұлы құл болды әкесі аштан өлгесін,
Ұлы бір халық құрыды – дастан өр, досым,
Азат орманда күн кешкен еркін үндістің
Резервациядағы өмірін басқа бермесін.
Талайсыз тағдыр жұлмалап, дал қылып болған,
Өткенін білер ертектен – жаңғырықтардан.
Білімсіз қанша жеткіншек өсуде мұнда,
Жұмыссыз қанша – азамат қаңғырып қалған?!
Мүсіннен аумай қалатын тістеніп алса,
Ғұмырлық бұғау мойнына түскені қанша?!
Ресторандардан иттерін тамақтандыратын
Миллиардердің үндіспен істері қанша?!
Күндері үшін бүгінде дедектеп олар,
Сатады бәрін – аяқ, қол, қажет пе – жанар!...
Ең мықты деген үндіске нәсілшіл сұмдар
Тауар деп қана қарайды әжетке жарар.
Түбі бар атар құрылықтың бозалаң таңы,
Түріліп түнек, әділет сөз алар тағы.
Ел мен жер тонап құтырған отаршыл ұрпақ
Үндістер түгіл, әлемге көз алартады.
Көтеріп бүгін бір апат қайтадан басын,
Көшірді көкке соғыстың «шайтан арбасын».
Қасиетті ана – қара жер, төсіңде сенің
Тағдыры үндіс елінің қайталанбасын!
Түйін немесе Леонардо Пелтиер
Бақ тіледі мекенге ол,
Бірақ азап екен мол.
Жолың тура, ісің ақ,
Леонардо, бекем бол.
Жанартау боп құрылық-ел,
Түбінде бір дүрлігер.
Қайғың мәңгі жерленіп,
Күмбезіңде күн күлер.
Гүлдің шоғы қолда әсем,
Ән саларсың сонда сен.
Ардагері үндістің,
Еңіреген ер көсем!
Жоқтап асыл арманын,
Правосын қорғадың-
Отағың кеп түбінен
Озбырлықтың орманын.
Тіккен едің басыңды,
Айлаларын асырды.
Тапты-дағы есебін,
Түрмесіне жасырды.
Ракетасы ысқырған,
Әлсіздерге күш қылған.
Әулекілер өйткені
Сескенеді ұшқыннан.
Ұмытылып арманың,
Қорқып, бұғып қалмадың.
Түрмеде де тынбастан
Күресіңді жалғадың.
Торғауытқа ер киер,
Шығыршықтан жел тиер.
Әлем сенің жағыңда,
Әділетшіл Пелтиер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter