Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  110


Автор: Бауыржан Үсенов

АЗАТ ӨЛЕҢ

Жайды қанша ылаң құшақ,
Соры қалың момын елге.
Тілін жұлған жылан құсап,
Біреулерге көрінем бе?
Ах, кімдердің құны қалған,
Есін жиған еңірейді ел.
Шыныменен жұлып алған,
Мәңгүрттер көп меңірейген.
Бұл кімдерге қолайлы еді,
Жібер, қандас, келешекке ой.
Тілді жұлу оңай ма еді,
Біздер жылан емес ек қой.
Артық екен дін дегенің,
Қайыры жоқ мүдделерден.
Біле тұра үндемедің,
Қорықтың ба түрмелерден.
Атеист болып кете алмадым,
Құран жыртқан өлерменім.
Көгертпедің отан бағын,
Және өзің де көгермедің.
Бір қазанға сыйсаңдаршы,
Оттай бермей сөз бергенің.
Естеріңді жисаңдаршы,
О, Құдайдан безгендерім.
Баптап мінсең ат өлмейді,
Отырғам жоқ ақыл айтып.
Отан емес отар дейді,
Көзімізді бақырайтып.
Шерлі анадай аңыраулы ең,
Жете ме бұл жетеңізге.
Отар қойдай маңыраумен,
Улап шулап өтеміз бе?
Дін қалпына келер, мейлі,
Тілімді де тұл демеймін.
Жеріңді енді бөлем дейді,
Қалай, қайтып үндемеймін.
Іштен тынып құр күйіктен,
Талайлар жүр соры қайнап.
Түсімде ылғи бір биіктен,
Желбірейді бөрі байрақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу