Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  122


Автор: Бауыржан Үсенов

КҮЗ СУРЕТІ

Құстар іздеп қалды көктемді,
Дала-дәптер жазып жатыр өткенді.
Дала-дәптер жазып жатыр барлығын,
Ал, мен өлең жазбағалы көп болды.
Қайтып кеткен құсты аңсайды мұңым бұл,
Көңіл-күйім күз секілді бұлыңғыр.
Қара суық сүйгенінен өте ме,
Қара тазы қайта-қайта ұлып жұр.
Айдалада кісінейді бір құлын,
Анасынан адасты ма мұңлығым.
Күрк-күрк етіп жынын шашқан бурадай,
Қарала күз әзірлеп тұр сұмдығын.
Құстар кетті біздер қалдық неге деп,
Шулап жылап жарысады ебелек.
Құс қайтады , жыламашы ебелек,
Туған жерден киіп кеткен кебенек!
Жербауырлап желден қашқан түтінге,
Қарап тұрып жыртығыңды бүтінде.
Қораларда бырт-бырт күйсеп мал жатыр,
Күз басынан алып қойған күтімге.
Шаруа аз, ел жағасы жайлауда,
Айғыр біткен жер тарпиды байлауда.
Қазандарда ет бүлкілдеп қайнауда,
Болады енді азырақ қарта ойнауға.
Айдалада ашқұрсақ күй аң кешіп,
Сұрқай белден сырғи бере таң көшіп.
Ал, желтоқсан, келем десең келе бер,
Көктемге шейін енді жан несіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу