Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  199


Автор: Бауыржан Үсенов

«Жер сенікі Билік бізде» – деп күліп...

«Жер сенікі
Билік бізде» – деп күліп,
Тепкіледің ішіміздің кептіріп
О, мен енді Алла атымен ант етем,
Өтем мұны өмір бақи кек қылып.
Салған әні идеясы тұл бәрі,
Тала, тала қырт биліктің құлдары.
Бәрінен де қатты батты біздерге,
Өз қандасың – мәңгүрттердің ұрғаны.
Тас жүректер, түк қолдары қан... қан,
Обалдарды мен сендерге мәңгі артам.
Ағатайлап бауырыма тығылған,
Қайтейін-ай, шырқыраған, жан қалқам.
Бұға берсең қан орнына, жан алар,
Қорғансызды қарға келіп табалар.
Бес қаруын тастамаған бойынан,
Мен сендерді түсіндім ғой, бабалар.
Сана, миды улады ма күшті арақ,
О, қашанғы бір шоқисың, үш қарап!
Тұған дала қашанғы өмір сүресің
Прометейдей көкірегін құс талап.
Қазақ емес тобыр ғана қалған ба?
Қояндардай бытыраған орманда.
Ақсақалдың ақылына қарай гөр
«Өндіршегің үзіледі зорланба».
Қор болғанша қылша мойын қиылсын,
Екі құлаш дала жері бұйырсын.
Ей, сорлы шал, жынға тимей жоғалшы,
Сен дегенің тамағы тоқ сиырсың.
Сен адамсың өліп қалған намысы,
Сен мәстексің жан көрмеген шабысын.
Тыңдамаймыз енді сені, тыңдасын
Мәскеудегі тас кеудең мен танысың.
Ертең бізді ұрпақ дейді бұзылған,
Бауырлар-ай, сұлап жатқан ұзыннан.
Қызыл ту мен қызыл жұлдыз дегенің,
Символ емес сорғалаған қызыл қан.
«Елбасылар» қамаймыз деп жер теппе,
Біз сенбейміз сендер айтқан ертекке.
Біздің мұрат ел мен жерді талатпау
Еркек туып, ұқсап өлу еркекке.
Мынауың кім ұйрек құсап шайланған,
Анауың кім мақта құсап тайланған
Қайран далам қайтсем екен мен сені,
Ұлттар тәжірибеханасына айналған.
Дәл желкеңде тілін сұғып маса түн,
Шалғыныңда тілін шайнап мас отыр...
Күшіктерің желтоқсанда туылған
Арлан болып жетілгенше тоса тұр.
Тоса тұр дала, тоса тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу