Өлеңдер ✍️
ҚЫС ЭТЮДТЕРІ
Қыс патшаңыңыз мықтап мінді тақымға,
Қар ма мынау – жауып тұрған бақыт па?
Көбелек пе,
Көлбеңдеген көйлек пе?
Қуан адам, күдігіңді сөйлетпе.
Дүние ме қайта түлеп жаңарған,
Мақта ма әлде саулап жатқан жанардан.
Ырыс па екен,
Күріш пе екен,
Гүл ме екен,
Не де болса бір жаңғырды бұл мекен.
Бір жыл бойы шаң-тозаңнан тазар да,
Сен де аунап ал жауған қарға азанда.
ІІ
Қар болмаса қыстың сәні бола ма,
Қарагер ат жер тарпиды қорада.
Кара бүркіт шошалада шаңқылдап,
Сүйсінеді сыртынан кеп шал тыңдап.
Қыңсылайды аңыраған құмай да,
Аңға шықты запы болған бұл айда.
Мезгіл келді
Қар да жауды, күн туды,
Шал жүрегі түніменен бұлқынды.
О, аңшылық, буып тастар дерт пе едің!
Таң бозынан Қарагерін ерттеді.
Үлпілдек қар аш түлкінің соры да,
Кетті аттанып құсын алып қолына.
Қарап тұрсаң қыс ғажап-ау,
Қыс ғажап,
Қасқырлардың соңына енді түс қазақ!
Ай-һай, дүние!
Айдаланы жаңғыртып,
Кісінейді күміс жалды үш боз ат.
ІІІ
Қысың осы, бала мен ит құтырған,
Далаң анау, ақ көрпеге жұтылған.
Адам мынау, жаңа жылды қарсы алған,
Көкірегіне жаңа армандар дән салған.
Ұмытылды өкпе, реніш, һәм күдік,
Кісі болды әзәзіл мен әңгүдік.
Мәңгі жасыл шырша кірді үйге,
Аяз ата сыйлық берді сәбиге.
Ән мен өлең,
Би менен күй шертілді,
Жаңа жылдан үміт тілеп ел тұрды.
От ойнады жанарында қалқамның,
Тасы шаттық көбігендей шампанның.
ІV
Бұрқылдыған ақ боранын сапырып,
Қаңтар келді арыстандай ақырып.
Сыртқа шықсаң аяз арс-арс тістейді,
Туф дегенде түкірігің түспейді.
Қарс айырылды қаншама ағаш шыдамай,
О, сабыр қыл –
Бұлағай ай, бұлан ай.
Қарлы дала көзді ашырмай арбайды, ә,
Қасқыр ұлып, мұң шағады шалғайда.
Мезгіл-мезгіл шаруақор шал күткен,
Қораларда күйсеп жатыр мал біткен.
Соғым етін бұрқылдатып қайнатып,
Қонақ шақыр дастарқанды жайнатып.
Монша жақ та сыпыртқымен сабалан,
Ауна қарға туғандай боп жаңадан.
Қаңтар – құда түк қыла алмай адамға,
Аш күшікше қыңсыланып табанда.
V.
Қыс құданың күміс жал Үш боз аты,
Кісінейді далада таң атқанша,
Таң арайын тауларға жалатқанша.
Қасқыр-аяз тісіне шыдай алмай,
Қарс айрылды сәулетті дарақ қанша.
Таң атқанда қар басқан баққа келем,
Ойнайды онда қояндай қаптап өлең.
Қоян-өлең бұлтылдап ұстатпайды,
О, көмек бер кіршіксіз аппақ әлем!
Түсте тауға кетемін шаңғы мініп,
Тастар сәлем береді жаңғырығып.
Алды-артымды алыстан орағытар,
Әр-әр жерден қалт еткен аң білініп.
Шаңғы тепсең сергиді шіркін денең
Шымыр болып алғанмын бұл күнде мен.
Кешке пештің түбінде отырмын,
Қазы-қарта,
Жал-жая бүлкілдеген.
Аң мен құсым қалмай ма үсіп өліп?
Жаннан көшкен жағдайын түсінелік.
Ұйқы әкетіп барады,
Жантаяйын
Қар ханшасы қиялдай түсіме еніп..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter