Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  129


Автор: Бауыржан Үсенов

СОЛ ЖОЛЫ НЕГЕ ШЫҚПАДЫҢ?...

Байғыздың әні тым мұңды,
Бәйітін жатыр кестелеп.
Жіберіп едім құрбыңды,
Жолығысайық кешке деп.
Телміріп тұрмын міне енді,
Тақалып жанға сын сағат.
Түнгі аспан бүгін түнерді,
Көрсетпей айды тұмшалап.
Асаудай құрық түспеген,
Асқақ қыз едің аяулы.
Еркіме қоймай күштеген,
Махаббат өрті – баянды.
Неліктен шықпай жатырсың,
Болдыма қырсық көлденең.
Деген ең нашар ақынсың,
Жақсы жыр жазып келген ем.
Қүйкі ойлар мені жеңбеді,
Шабытым төкті жаңбырын.
Мойындар едің сен мені
Қолымды алып дәл бүгін.
Мен үшін жұмбақ тылсым ең,
Таптырмай қойған дерегін.
Дер еді саған шын сүйем,
Дірілдеп менің өлеңім.
Шықпадың бірақ сол түні,
Ашылмай қалды қақпа ақыр
Сезімнің мұңлы толқыны,
Етті ғой мені қақпақыл.
Аша алмай асыл сырымды,
Таң атса дағы көрікті.
Күбірлеп жазған жырымды,
Көшеде оқи беріппін




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу