Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  127


Автор: Бауыржан Үсенов

ПИТОМНИКТЕ

Жыны қозған жон арқасы құрыстап,
Шыға қалсаң дем алғызбас дұрыстап.
Сыртта боран.
Мен отырмын қияр жеп,
Бақшаның хош иісімен тыныстап.
Ғажап сезім айдынында жүземін,
Көзім тоймай әр жемісті үземін.
Қанға тамған қан секілді помидор,
Уылжыған бүлдіргендер қыз ерін.
Ғаламат-ау бұл ғылымның сыры шын,
Шынында да қайран адам ұлысың!
Құдай көрсе мойындар ед, пейіш деп,
Жап-жасыл боп жайнап тұрған шыны ішін.
Қара міне, қаңтарда да гүл тірі,
Сезілді сабағының бүлкілі.
Питомник ішіндегі көктемге,
Жете алмай тұр сиыр боранның тілі.
Толас тауып боран сынды бойда мұң,
Масайрадым жүлде алғандай тойда әнім.
Бірақ, бірақ пенделік пе білмеймін,
Бұлбұл әні жетпей тұр деп ойладым




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу