Өлеңдер ✍️
ТҮС НЕМЕСЕ ЖАРЫҚ ДҮНИЕ ТУРАЛЫ ЖЫР
Қойдым бәрін, тыйылды тойдым әбден,
Тас уатар қуатын жойды дәрмен,
Бірақ, бірақ жүректің жыр тілеген ,
Дүрсілдерін қалайша қойдырам мен.
Көремісің көзімде бір мұң барын,
Ерте жықты жыраға құрғыр дарын.
Мына өмірде баянсыз бәрі, бәрі
Көрге түсер алдында білдім бәрін.
Аққуы мен ұшатын қазы бірге,
Тумайды енді өмірдің жазы мүлде.
Құлагерше аламан бәйгеде өлмей,
Қыршынымнан қиылдым, жазығым не?
Кісінейді құлын жыр отықпаған,
Небір жабы сөреге жетіпті аман.
Ал мен болсам шырылдап көзімде өмір,
Қақпасынан дүниенің өтіп барам.
Жаным енді тамұқта тұтқын менің,
Жырға бөлеп сұрықсыз түкпірлерін.
Жер үстінде, жайлауда, Жуалыда,
Құлыншақ боп ойнап жүр сүт күндерім.
Көрінеді халқыма тұмса күшім,
Шүйілмедің даңққа сұрша құсым.
Жатқан шығар жер астын дүбірлетіп,
Ұлы бәйге көрмеген бір шабысым.
Тамұқ құсы сайрай бер, сайра тынбай ...
Уһ, ояндым. Оятты-ау қайратым бай.
Жатыр екем шомылып қара терге,
Талып жеткен алыстан бәйге атындай.
Аңсап едім тамұқтан сағына мен,
Ауаңменен алдым ғой зарыға дем.
Өлсем көзді сәулеңе қарып өлем,
Айналайын атыңнан, жарық әлем.
Сөйле теңіз, сөйле, аспан, сөйле мекен,
Түс көрем деп шықты ғой бей-берекем.
Айналайын атыңнан жарық әлем,
Өлең деген өзіңнің бейнең екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter