Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  130


Автор: Бауыржан Үсенов

АДАММЫН МЕН

Пікіріңді сенімің дараласын,
Күйікті тірлік мұң емес, қара басым.
Бір нәрсені қиялдап күбірлесем,
Жындымысың деп неге қадаласың.
Тәтті қиял мен оны дәм деп алам,
Құлады ма сенімің әлде маған.
Ал жындымын, жындымын, иектеген
Өлең-пері, қыларың бар ма еді оған!
Соғысынан жүрегім тоқтамасын,
Адастырып қияли көп борасын,
Ұйқым қанбай кей күні дел-сал жүрсем,
Дәрігерге көрінші деп қаласың.
«Ой құртады адамды, оған ерме»,
Дейсің-ау сен отыққан көбегенге.
Сезесің бе, досым-ау дел-сал жүрсем,
Емдейтұғын дәрігер жоқ әлемде.
Мынау сенің санаңа құйған сырым,
Өлең жазып бөлемін мидан шырын.
Жыр жазбасам ауасыз кеңістікте,
Қалғандай-ақ қиналам иман-шыным.
Тарқаған жоқ жастықтың базары әлі,
Мейіріміңнен жүрегім тазарады.
«Қардың басын қар алар» деген сөз бар,
Өлең мені өзі емдеп жазады әлі.
Боп қалмасын есімім алкеуде есім,
Мені алысқа апармас жалқау көшім.
Емдеймін деп жүрсем мен біреулерді,
Емделсейші дейсің-ау, аңқау досым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу