Қалың жауған қардаң соң,
Күн ашылды
Көңілшек бұлт құшып тұр
Құбы шыңды.
Кер құнанға міндім де қырға кеттім
Кеңістікте жазбақ боп
Құлашымды.
Күміс мың-сан құбылып,
Көзге ұрады.
Қиялыңды қиыннан оздырады.
Ұшып тұрған өлкеден өлең көрдім
Қаулап кетті кеудемде сөз құрағы.
Келіншектей,
Құлпырған бұйығы маң,
Кетер ме екен көркіңе
Күйіп ұлан
Ғажап әуен келеді құлағыма
Қар жамылған даланың қиырынан.
Аяз – жеңгем шымшиды бұла бетті
Суылдады бұталар – кіл әдепті
Кер құнаным сүзеді ауыздығын
Кенет алдан бір түлкі бұлаң етті.
Жатқан екен мекендеп жыра маңын
Соғып алсам, келтіріп бір амалын
Аңшы қазақ қаны ғой бойымдағы
Тұла бойым ду етті,
Шыдамадым.
Атты қойып жібердім көлденеңнен
Сарқынды қу ағызды бел-белеңнен.
Мылтық ала шықпаппын
Әттеген-ай,
Бір кісідей ататын мерген ем мен.
Күнде ұсынбас түлкісін тағдыр бұлай
Бауырға ұрып керімді салдырдым-ай.
Ілеспепті, енеңді...
Әншейінде,
Сүмелеңдеп қалмайтын тарғыл құмай.
Мұндай сүркіл көрмеген ғұмыры әлі
Зарықса егер құнаным...
Құрағаны...
«Әй, тәуекел», дедім мен,
Сайқал неме
Жел ап қашқан өрттей боп зымырады
Сарғыш жалын барады лапыл қағып,
Бірде алыстап,
Ал, бірде жақын қалып,
Есек дәмем ақырып,
Мен келемін,
Жер көшіріп,
Қамшы ұрып,
Тақым қағып.
Түлкіге де жан керек ... білем оны,
Бірақ саят – атамның бір өнері.
Соры қайнап оңайдан жолықпаса,
Тышқан аулап бір қырды жүрер еді.
Салдым оған ақиық – арманымды
Тістемейін ала алмай бармағымды.
Қу түлкінің бағыты қалың бадал,
Кершеу болғыр кер құнан, сал барыңды.
Қанат қылып демейін, қолды жайып
Іліп кетіп құйрықтан қор қылайық.
Қап, қап... түлкі қылаңға жетті-дағы
Өшкен оттай көзімнен болды ғайып.
Татар дәмі сорлының таусылмапты
Шығып кетті сыбаған даусым қатты
Миығынан жымиып маған қарап,
Айналамда ғажайып маусым жатты.
Өкінгенмен не пайда болды бір іс
Тауып кетті қу түлкі жолды дұрыс.
Бүйір соққан кер құнан
Енді бізді,
Жеткізіп сап ауылға болдырыңыз.
Сабыр – сабыр десе де өмір – анам
Содан бері сол тауға көңіл алаң.
Кер құнаным кер бесті болар әлі
Әуеселеңді сол кезде көріп алам!