Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  117


Автор: Бауыржан Үсенов

ЖЫРТҚЫШ ҚҰСТАР

Шүңірек көз, құз қабақ,
Ызғар шашқан түсінен,
Құс қыраны – мұзбалақ,
Құс сорлысы – күшіген.
Имек тұмсық сан шері,
Бір-бірінің жекжаты.
Бидайық – құс қанішері,
Сұңқар – құстың бекзаты.
Күйге түсіп үргедек,
Шеңгелі қан тартады.
Құм бүркіті – бір бөлек,
«Мола бүркіт» бар тағы.
Зау биіктен шаншыла,
Ағып түскен бір ағын:
Ат басындай қаршыға,
Қой басындай құладын.
Жылы қанға қаталап,
Түн ішінде құтырар.
Жалпылдаған жапалақ,
Үлпілдеген үкі бар.
Қайнамастан қазаны,
Қан ішпесе, өледі.
Әлсізінің ажалы
Әлдісінен келеді.
Өтер солай кемді күн,
Өмір толы сұраққа.
Табиғаттың теңдігін
Бұзбайды олар бірақ та.
Бойлықтар мен ендіктің
Бүтін халқы ызалы:
Заңын тепе-теңдіктің
Бір «зымыран» бұзады.
Салмағынан зорға ұшқан,
Арылдаумен әуелеп.
Сақтан, адам, сол «құстан»
Ол – бомба артқан самолет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу