Өлеңдер ✍️
СОТ
Сұңқардың сорын қорғаңдар,
Сұңқар екенін білгесін.
Тарыға тойған торғайлар,
Табанға таптап жүрмесін.
Тұлғасы бөлек түрі ірі,
Жасынға қарай өрлеген.
Пендешіліктің құрығы,
Қияғын сипап көрмеген.
Өлекседен дәм таппаған,
Намысы үшін – жаны құрбан.
Бүркіттің өзі батпаған,
Бөріге түсіп қан қылған.
Боздатқан астын аспанның,
Бұлттан да әрі өтем деп.
Мұз құрсап жатқан тастардың,
Арасын жүрген мекендеп.
Сұңқардың аты, сұңқар ғой,
Құрмет қып мойын бұрыңдар.
Сұңқарға дүние іңкәр ғой,
Бақаға ғашық кімің бар?
Торғайды баптап көрдің бе,
Талап жеп қояр он бүрге.
Болыпты бірақ ол күн де,
Батады бүгін сол кімге.
Сұңқарды сұңқар жоқтасын,
Сұңқарды сұңқар жерлесін.
Сұңқарды сұңқар соттасын,
Торғайлар соттай көрмесін!
Сұңқардың сорын қорғаңдар!
Сұңқар екенін білгесін.
Тарыға тойған торғайлар,
Табанға таптап жүрмесін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter