Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  102


Автор: Бауыржан Үсенов

ӘН

Ән бар еді, бір әнім, шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын.
Қолтық сөгіп көсіле шаппаған соң,
Кімге керек кібіртік құр аяңым.
Ән бар еді,
Әнімді неге ұмыттым,
Жарқырап күн, тұратын төгіліп түн.
Қадам сайын қанатқан балтырымды,
Құрбаны боп кетті ме жөгіліктің.
Ән бар еді, сырлы да, мұңды да еді.
Талай ару тамсанып үлбіреді.
Өмір жайлы ой толғап өзге жақта,
Өзімді іздеп жүр ме екен, кім біледі.
Ән бар еді,
Иесі мен емес пе ем,
Балдырғанды өлкеде Кенен өскен.
Шошыды ма тірлікпен ғұмырымды,
Жүргенімде өткізіп ерегеспен.
Ән бар еді,
Аққудың сыңсуындай,
Жүрегімді тынбайтын бір суырмай,
Жан-дүниемді сығады сұм өкініш,
Оттан шыққан қып-қызыл шымшуырдай.
Көбелектің Көгілдір қанаты еді,
Атасы – нұр,
Ақша бұлт – ана тегі.
Көкірегімнен “әу десем аққу емес”,
“Қоңыр үйрек” бұл күнде дар етеді.
...Ән бар еді, бір әнім, шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын...
Далам менің,
Сырыңды айтса бозторғай құс тілімен,
Өксік буып мен талай қыстығып ем.
Сені кейде жылытқым кеп кететін,
Құшақтай-ап кеудемнің ыстығымен.
Жаз апталап өтетін, күз апталап,
Сенде борыш көп екен біз ақтамақ.
Мұнар басқан таулар мен жазықтарға,
Жасаурайтын жанарым ұзақ қарап.
Талай-талай бұтаңа ілдім белгі,
Бала күннің өтерін кім білгенді.
Қонжығындай аюдың жидек құма
Шықпаушы ем ғой сайынан бүлдіргенді.
Тосып жүріп бүгінде жырға алақан,
Күн секілді сағынсам қырға батам.
Құла таймен кезетін ой-қырыңды,
Шықпады ма есіңнен бір балақан.
Тәрбиелеп мені өзің өткірледің,
Нәзіктікті ұқтырды көп гүлдердің.
Сенсең егер о, далам, бала болып,
Көбелек қуып кеткім кеп тұр менің.
Керуен болып уақыт көше берер,
Көгереді әйтеуір, көсегелі ер.
Сенер ме едің туған жер, жыр жазуды,
Бозторғайдан үйрендім десем егер.
Балақ баулы құсыңмын қолға асыққан,
Жанарымды жауын мен қорға шықтан.
Төл құсыңның сырларын өлеңіммен,
Сөйлетем деп адамша жолға шыққам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу