Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  103


Автор: Бауыржан Үсенов

СЕКСЕУІЛ

Күн көңірсіп, барады қарып бүгін,
Көмір құсап қызарды анық құмың.
Сексеуіл-ау, сексеуіл, қолың жайып,
Көкбет көктен не күттің, жарықтығым?!
Өзегіңде бір түйір нәр қалды ма,
Ақ сағымға жанарың арбалды ма?
Сағым құсап көзіңнен көшеді ме
Жеткізбейтін жезкиік армандыға?!
Жосып жүрген жәндігі – мың бір ұлы,
Құм ойлайды дүниені құм қылуды.
Не жақсылық көрдің сен осы құмнан,
Өспедің бе өлкеде сулы, нулы?
Жаңбыр күтіп, жарамас тон пішкенің,
Неге тұрсың, тозаң ба сонда ішкенің?
Ерні шып-шып тілінген, қара сирақ,
Сұм енеге тап болған көнбіс келін.
Ұстап тұрған сөгілген сүбелерін,
Ұлы Құмның үзілмес Күдері едің.
Сексеуіл-ау, сексеуіл, саған қарай
Өлеңімнің бұлттарын жіберемін.
Қазбауыр бұлт, будақ бұлт, бұйра бұлттар
Жетер саған сіркіреп, – диланып қал.
Жасын түсіп мерт болсаң, о дүниеге
Жақсылықтың барына иланып бар...
О, сексеуіл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу