Өлеңдер ✍️
БЕТПАҚДАЛА ҚЫРҒЫНЫ
Көрген соң тағдырының сыйын бөтен,
Жүйрікке сағым қуу бұйым ба екен:
Келеді жан ұшырып бедеу құмда,
Соңында үйір қасқыр, үйір бөкен.
Ажалдың қара бұлты басқа төніп,
Көздері мөлдірейді жасқа толып.
Қолдарын көкке жайып, үдірейіп,
Жылап тұр сексеуілдер бас көтеріп.
Қан ішу атасынан қалған дәстүр,
Жақындап қалды, әнеки, арлан қасқыр.
Тістері сақылдайды, көзі жайнап,
Тұяқтан бұрқыраған шаңда адасқыр.
Жануар, шөл еркесі, жазығы жоқ,
Қала ма азулының азығы боп?
Арланды тайыншадай жықса нетті,
Бір түбір ажалының қазығы боп!
Жазмыштың «сыйына» бұл теке күйіп,
Үйірін шашыратпай жеке жиып,
Безектеп,
Қалып қойған құралайдың
Таңынан мүйізімен кетеді іліп.
Сордың да берген екен бес елісін,
Ғұмыры қуғынменен өтері шын.
Құралай кеше туған көрді бүгін
Тағдырдың тумай жатып теперішін.
Үйірін көсем теке дүркіретті,
Торлады құм шаңының бұлты көкті.
Арлан қасқыр қап қойған құралайдың
Белінен қан-қан қылып сілкіп өтті.
Сілкіп өтті,
Бірақ та тоқтамады,
Зымырайды сұр сайтан оқтан әрі.
Жаңылып шабысынан ана бөкен,
Құралай қалған жаққа көп қарады.
Сонда үйір зымырады күнді бетке ап,
«Құтыл» деп күбірлейді мұңды Бетпақ.
Қинады сорлыларды құрғыр аптап,
Тозаңы боз дәкедей үлбіреп қап.
Күн батты көкжиекте тұрған күліп,
Көздерде бір өшіп қап, бір жанды үміт.
Бөкендер маңып кетті айдалаға,
Бес бірдей құралайын құрбан қылып.
Ащы тер көз жасына қоса ағылды,
Үйір кеп бір ойпаңға ошарылды.
Дір қаққан бауырлардан су сорғалап,
Құм бетін қақ боп тұрған жоса бұзды.
Жусады дымы біткен сорлы бөкен,
Көргені көз ашқаннан қорлық екен.
Ей, Тәңір, бар екенің рас болса,
Көрсетпе қасіретіңді енді бөтен.
Ойпаңға киік емес, тылсым бұқты,
Жасырды күллі әлемнен түн шындықты.
Тек байғұз бебеуледі, бебеуледі,
Шақырып жатқандай-ақ бір сұмдықты.
Күн бойы сауға іздеген кіл сағымнан,
Ортеке қарғып тұрды бір сарыннан.
Жарығы бөкендерге тура түсіп,
Машина шыға келді құм шағылдан.
Тағдырдың жазғанына күйіп, тоңып,
Жазығы – жаратылды киік болып.
Тағы да безіп берді бейшаралар,
Көздерге қасірет пен күйік толып.
Адам мен аң дос деген тіпті өтірік,
Отырып атып жатыр, тік те тұрып.
Мылтықтар өлім сеуіп гүрсілдейді,
Құлайды сорлы бөкен бүктетіліп.
Шағылдар бұғып-бұғып тұр ойланып,
Машина ышқынады үрейді алып.
Оқ тиген бөкенге де қарамайды,
Дегендей: «Қайтып соғам бір айналып».
Үрейден Бетпақдала жұлды шашын,
Жел тұрды солқылдаған құмды шашып.
Жаралы, жалғыз қалған текті теке
Құламай, арт жағына бұрды басын.
Өр сезім мүмкін оны ырыққа алды,
Құламай, қалт-құлт етіп тұрып қалды.
Адамдар қуып жеткен оқ шығармай,
Мылтықтың дүміменен ұрып қалды.
Пенделер, көздеріңді құйын басқыр,
Тоймасаң, тағы қырғын ұйымдастыр.
Бес бірдей құралайды қанағат қып,
Қап қойған сері екен ғой үйір қасқыр.
Болмадың қасқыр құрлы өр тоятты,
Басыңа ойнатар ма ед сол таяқты?!
Бұл сөзді теке бірақ айта алмады,
Серпіді, құлап түсіп, төрт аяқты.
Қырғынға куә болып құм жылады,
Аспанда ай да жылап, қынжылады.
Қасқыр да ішін тартты бұл сұмдыққа,
Пана қып ұйқтап жатқан бір жыраны...
Табиғат, о, табиғат, кешір мені,
Көп болды төбеңде ажал есіргелі.
Қай кезде бейбіт өмір сүрер екен
Адам мен аң атаулы төсіңдегі?!
Көркейтер үйірімен дөң өркешін,
Адамдар, сақтаңдаршы шөл еркесін.
Әйтпесе, кейінгі ұрпақ қарғап жүрер.
Бөкеннің таппай қалып көлеңкесін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter