Өлеңдер ✍️
МАЙТОПЫРАҚ. БАЛАЛЫҚ
Уақытымызды асық пен айтақыр ап,
Кілем еді күрессек – майтопырақ.
Түн мен ұйқы амалсыз ажыратқан
Басымызды таң ата қайта құрап,
Шуылдасып, кеңесіп, керілдесіп,
«Сатып кеткен жолдасты – өлім » десіп,
Дүниені ойынмен өлшеп-пішіп,
Сәби көңіл ашатын сенімге есік.
Аяқ-қолды бір елі күс басады,
Бұрқылдайды ауылдың ұшпа шаңы.
Кіл «тентектен» көшеде бұзау үркіп,
Тал басынан шырылдап құс қашады.
Зипа терек мүлгиді тозаң басқан,
Торғай аңдып жүреміз көз алмастан.
Көрші көше «әскері шабуыл жасап»,
Кейде майдан ашамыз озандасқан.
Қағаз бомба жарылып, кесек ұшып,
Ұрандасып жатады неше пұшық.
Қапылыста қарсылас қан қақсатса,
Қақ шекеден бір «мүйіз» өседі, ісіп.
Майтопырақ табанға қандай мамық,
Үстем шықсақ шулаймыз таңдай қағып.
Содан кейін «жорыққа» аттанамыз,
Алма бағын ауылдың маңдайға алып.
Қайран сол бір балалық –
Беу, ертегі,
Айрылыппын ертерек сенен, тегі,
Тарпаң тірлік еркелік көтермеді,
Алды талай сыпырып менен тері.
Көтерер ем мен сені туым етіп,
Қойды тағдыр жұлдызды жуық етіп...
Майтопырақ, мен сені сағынамын,
Қарыс табан етіктен суық өтіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter