Өлеңдер ✍️
ШАЛҒЫН. ЖЫЛҒА. ЕГІС
Шегірткенің айғыры тебіседі,
Бұтқа толып құрбақа неге іседі?
Арнасында күбірлеп жылға жатыр,
Арғы беті саржағал егіс еді.
Сарбас жылан зу етіп суға кетті,
Иірімшіден ақ шабақ тулап өтті.
Қайта-қайта сал самал тиіседі
Әлі жапырылмаған нуға әдепті.
Бақалардың мақтанын сәтке бөгеп,
Келіп қонды батпаққа ақ дегелек.
Быт-пыл-дық деп бөдене бұғып жатыр,
Сырт көздерден жасырып қатты ебелек.
Кенелерде дыбыс жоқ – меңіреулерін...
Жасыл құрттар жасап жүр серуен керім.
Құмырсқаның илеуі ию-қию,
Аттандырып, күтіп ап керуендерін.
Әрбір гүлде бір ара гүжілдеген,
Үлбіреп тұр Келіншек үзілмеген.
Мойнын созып қарайды меңдуана:
«Дәнім пісті,
Керек пе – жүзін берем!»
Қарсы бетте егістік сары жағал,
Жиектері жүргізбес кәрі бадал.
Аспан жақтан бозторғай құйқылжытты,
Ісіне де, әніне – бәріне адал.
Қалың құрғақ толқын боп жүгіреді,
Орақ түсетұғын күн бүгін еді.
Үйір торғай егіске келіп қонды,
Ақ дегелек батпаққа үңіледі.
Қарап тұрған секілді күн бұрылып,
Қолым жеткен жердегі гүлді жұлып.
Қалыңында шалғынның мен жатырмын,
Табиғаттай Тәңірге құлдық ұрып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter