Өлеңдер ✍️
ҚАМБАНЫҢ ИЕСІ
Е-һе-һей...–
Кісінеп астымдағы арда дөнен,
Кеудемде күмбірлейді арман-өлең,
Қалыңнан кекілігін пырылдатып,
Қолатты кезіп келем Қамба деген.
Қамба бұл – ғажап мекен астау сынды,
Жуады әр-әр жерден бастау шыңды.
Жаңғырық қайталайды сыбдырыңды,
Ән салсаң, қатты айқайлап, аш даусыңды.
Көп мұнда қақпа тастар берілмейтін,
Асып өт жігерменен ерінбейтін.
Суына бетің шайып, дәмін татып,
Сәлем бер иесіне көрінбейтін.
Туған жер дейтін асқақ ұранменен
Түбінде туары хақ бір ән менен.
Ежелгі заман сырын ел айтады:
«Иесі бар Қамбаның Жылан деген....»
Аңызға арқау болған алып жылан,
Өлкеге ықылымнан мәлім жылан.
Әйгілеп жатқандайын тіршілігін,
Айтады сытыр-сытыр қалың жым ән.
Мен шынын безбенге сап өлшемедім,
Дөненнің жорғасымен теңселемін.
Рас па, өтірік пе, шаруам жоқ,
Шүбәсіз осы аңызға мен сенемін.
Ұнамай әлде саған бағам берген,
Нанымда сенетұғын надан дер ме ең?
Атамның айтатыны жалған емес,
Жасында нән жыланды бабам көрген.
Шөп ойнап, жел тұрмаса күзгі белде,
Жыланның дем алысын түз білер ме?
Әйтеуір, Қамбамыздың сол иесі
Жамандық жасамаған біздің елге.
Сөзіме сенер болсаң – қоста толық,
Аршалар тарбияды тасқа төніп...
Селт еттім, бұрылыста серек тастан
Тұрғандай алып жылан бас көтеріп.
Мына үңгір аумайтұғын қара үй екен,
Сандықтас қаншадағы қария екен?
Туған жердің киелі топырағының
Жыланын да жаһанға жария етем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter